Ислам діні адамзатты өзара ынтымақ пен пен татулыққа, бірлік пен сүйіспеншілікке шақырады.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды: «Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар!», – деп мұсылмандарды бауырмалдыққа шақырған (имам Бұхари, Мүслим).
Мұсылман жамағатының бірлікте болуына ықпал ететін негізгі себеп – бір сенімде, бір мәзһабта болу. «Мәзһаб» сөзі «жол, бағыт, көзқарас» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығына «мәзһаб» делінеді.
Мәзһабты бөліну емес, керісінше шариғат үкімдеріне әркім өз бетінше амал етпес үшін, бір жолды ұстану деп түсінуіміз қажет. Қазіргі таңда бүкіл ислам әлемі мойындайтын төрт мәзһаб бар. Ол: Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанып келді. Осы себепті де олардың арасында дін мәселесінде алауыздық орын алмай, бірлік пен ынтымақта болды.
Қазіргі таңда: Мәзһабпен жүресің бе әлде сүннетпен жүресің бе? – деп сұрақ қоятындарды кездестіріп жатамыз. Бұл сұрақ арқылы «мәзһаб» ұстану сүннеттен тайғандай, жаңашылдық (бидғат) жолы етіп көрсеткісі келеді. Ал түптеп келгенде, бұл сұрақ жөнсіз, діни білімі жоқ, сауатсыз адамдарды шатастыру үшін қойылатын сауал. Шариғат үкімдерінің қайнар көзі Құран және хадистің әрбір сөзінің тілдік негізгі бірнеше мағынасымен қатар ауыспалы мағыналары да бар. Тіпті, кейде аят пен хадистердің бір әрпінің өзі бірнеше мағынаны білдіреді. Аяттардың түсу себептері, кейбір себептерге байланысты хадистердің бір-біріне қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де кездеседі. Бұларды кез келген қарапайым адам тереңнен талдап, ара-жігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайды. Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп білім иелеріне жүгінуді бұйырған («Нахыл» сүресі, 43-аят).
Ана тілдері арабша әрі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды көзі көрген сахабалар және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділеріне жүгінген. Кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа (Алла оны рақымына алсын) секілді мужтәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал «Мен мәзһабпен жүрмеймін, тек Құран мен сүннетке амал етемін», – деп өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін.
Мысалы, физика ғылымында білгірлердің анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып, есеп шығарады. Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ол үшін ондай адам өзінің алдындағы білгірлерден де асып түсіп, білімі олардан да терең болуы қажет. Олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекер. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адамның ісі де бос әурешілік.
Сондықтан да мәзһабты Исламнан бөлек, Пайғамбар сүннетінен өзгеше жол деп түсіну қателік. Құран аяттары мен хадистерді лайықты дәрежеде түсініп, одан үкім шығара алмағандықтан, біз сияқты қарапайым адамдардың мәзһаб ұстануы міндет.
Алиасқар Міржақып,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің маманы



