Келес ауданы бүгінгі таңда тек ауыл шаруашылығы мен өндірістік салада ғана емес, инфрақұрылымдық даму бойынша да қарқынды ілгерілеп келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Әсіресе, тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Бүгінгі таңда Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 97,6 пайызы орталықтандырылған электр желісіне қосылған. Бұл өңір халқының басым бөлігі электр энергиясына қол жеткізіп отыр деген сөз. Соның ішінде 81,9 пайызы сапалы, тұрақты әрі қуатты электрмен қамтылған.
Энергетика саласын жүйелі түрде жетілдіру үшін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 19,91 шақырымды құрайтын 10-0,4 кВ электр желілеріне және 7 трансформатор нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жаңғырту жұмыстары тозығы жеткен желілер мен құрылғыларды жаңасымен алмастырып, энергияның беріктігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, баламалы энергия көздерін дамыту бағытында да ілкімді жобалар жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округі аумағында қуаты 20 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды. «АЖУР» ЖШС-і қолға алған бұл жоба іске қосылған соң, ауданның энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық қауіпсіздігі арта түседі. Бүгінгі жаһандық трендтерге сай жасыл энергетиканың дамуы болашақ ұрпаққа экологиясы таза, қауіпсіз аймақ қалдырудың алғышарты болып табылады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жылдан-жылға өсіп келеді. Электр инфрақұрылымын жақсарту – бұл тек техникалық мәселе емес, бұл – ауылдардың әлеуетін ашуға, кәсіпкерлікті жандандыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Инфрақұрылым бар жерде даму бар. Бұл ретте Келес ауданының ұстанымы – халықты тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету арқылы елдің әл-ауқатын көтеру.
Түйіндей айтқанда, электр желілерін жаңарту, күн электр станциясын салу сияқты іргелі жобалар Келес ауданының болашағы үшін салынған ұзақ мерзімді инвестиция екені анық. Бұл бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі күннің де игілігіне қызмет ететін істер.



