Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы ел азаматтарының өмір салтына айналып келеді. Бұл бастама халықтың экологиялық мәдениетін көтеріп қана қоймай, әрбір ауыл мен қаланың тазалығын қамтамасыз етуге серпін берді. Президент айтқандай, «Тазалық әр адамнан, әр үйден басталады. Бұл – бір күндік науқан емес, ол – біздің өмір сүру дағдымыз». Осы қағиданы басшылыққа алған Түркістан облысында коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Солардың бірі – Сауран ауданындағы ауқымды іс-шара. Мұнда коммуналдық мекемелерге арнайы 27 жаңа техника табысталды. Оның ішінде 12 трактор тіркемесімен, 2 жүк тиегіш, 12 трицикл және 1 су сорғыш бар. Бұл техникаларды сатып алуға облыстық бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы сапармен Шорнақ ауылдық округіне келіп, алдымен жас кәсіпкерлердің жәрмеңкесін аралап, олардың еңбектерімен танысты. Кейін коммуналдық салаға бөлінген жаңа техникалардың жұмыс барысын көріп, сала қызметкерлеріне кілттерін табыс етті.
–Өздеріңізге мәлім, бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» акциясын бастағанбыз. Осы жалпыұлттық акцияға алғашқы күннен бастап белсене қатысып келе жатқан әрбір азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Президентіміз «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», деген болатын. Бүгін тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрғындардың өмір сапасы мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында ауданға 27 техниканы табыстағалы отырмыз. Бұл жаңа техникалар коммуналдық қызметтерді жаңартып қана қоймай, ауданның таза әрі көрікті болуына өз септігін тигізеді. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Қазақстанымыз таза әрі қуатты болып, дами берсін! – деді өңір басшысы.
Аудан тұрғындары да жаңа техниканың игілігін күтіп отыр. Жергілікті халықтың айтуынша, бұған дейін тазалық жұмыстары кейде кешігіп жүргізілетін. Ал енді техника жеткілікті болса, көшелердің де, ауыл айналасының да тазалығы жүйелі сақталмақ. Коммуналдық қызметкерлер үшін де бұл үлкен көмек.
Айта кетейік, Сауран ауданында жалпы 39 арнайы техника бар. Оның ішінде 12 трактор тіркемесімен, 3 жүк тиегіш, 15 трицикл, 1 қоқыс тасығыш, 2 әмбебап трактор, 1 экскаватор, 2 КамАЗ және 3 УАЗ бар. Соңғы жылдары бұл саладағы жаңару жұмыстары айтарлықтай қарқын алып келеді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Облыс аумағындағы барлық аудандар заманауи техникалармен қамтылып, елді мекендердің тазалығы жақсара түспек. Бұл – тек санитарлық тұрғыдан емес, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға да бағытталған қадам.



