Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізуді, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуды және спорттық-мәдени нысандарды көбейтуді міндеттеген болатын. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар бүгінде Түркістан облысының барлық аудандарында қарқынды жүргізілуде.
Жуырда облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Созақ ауданына барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын тексерді. Ол сапаға мән беріп, әрбір жоба уақытылы әрі сапалы орындалуы тиіс екенін атап өтті.
Алдымен Созақ ауылындағы №1 колледж жанынан бой көтеріп жатқан 200 орындық жатақхананың құрылыс алаңында болды. Жатақхана жастардың білім алуы мен тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды нысан болып табылады. Тексеру барысында анықталған кейбір кемшіліктер бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі ескертілді.
Жұмыс сапары Жеткіншек мөлтек ауданында жалғасты. Мұнда әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға арналып салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әрбір үйде 8 пәтерден, жалпы 24 пәтер қарастырылған. Сонымен қатар екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы да қатар жүріп жатыр. Бұған қоса демеушілер есебінен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Бұл нысандар пайдалануға берілген соң, аудан орталығында 92 жаңа пәтер тұрғындарға тапсырылады. Бұл – жергілікті халықтың баспаналы болуына үлкен мүмкіндік.
Инфрақұрылым тек тұрғын үймен шектелмей, спорт пен мәдениет саласында да кеңейіп келеді. Еркебұлан Дауылбаев күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Достар» стадионын аралап көрді. Мұнда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолақтары және стандартқа сай үлкен футбол алаңы салынып жатыр. Сондай-ақ Шолаққорған ауылында 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Үш гектар аумақта бой көтеріп жатқан кешен халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Екі қабатты заманауи ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес пен бокс залдары, бассейн және футбол алаңы қарастырылған. Бұл жоба спортқа құштар жастардың кәсіби дамуына жол ашады.
Сапар барысында «Созақ аудандық мемлекеттік архиві» ғимараты да назардан тыс қалмады. Мұнда құжаттарды сақтау ісін жетілдіру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту мәселелері қаралды.
Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жастардың сапалы білім алуына, тұрғындардың спортпен шұғылдануына және мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталған маңызды қадамдар. Мұның барлығы – Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты істердің көрінісі.



