Татар қызы Карина Бектемирова қазақ отбасының ақ босағасын аттағанына он төрт жылға жуықтады. Түркістан облысына іргелес Арыс қаласында туып-өскен Карина қазақы қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрін толық сақтаған кентаулық жігітке тұрмысқа шыққан. Бүгінде ол қазақ тілінде еркін сөйлейді және жары екеуі үш қызды өсіріп, оларға қазақы тәрбие, ұлттық құндылықтар, ел бірлігі мен татулықты сіңіріп келеді.
Иә, біздің халқымыз – ынтымақ сүйгіш, татулықты қадірлейтін ұлт. Қазақстандағы әр түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, достық пен бірліктің үлгісін көрсетеді. Бұл – қазақ жеріне тағдырдың желі әкелген әрбір этнос өкілі қиын-қыстау кезеңдерді қазақ халқының бауырмашыл қолдауымен бірге өткергенін дәлелдейтін тарих. Ел бірлігі мен татулықтың беріктігі осындай ұрпақтар арқылы сақталады.
Каринаны жергілікті кентаулықтарды тәнті ететін қасиеті – қай жерде жүрсе де тек қазақша сөйлейтіндігі. Мәселен, ол қызмет ететін Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде өткен сайыстарға қатысып, қазақша мақал айтысудан талай қазақ қатысушыларын жеңген. 2018 жылдан бері аталған колледжде бас бухгалтер қызметін атқарып келеді. Карина бухгалтерлік құжаттарды да қазақ тілінде жүргізеді, бұл да оның ұлттық тәрбие мен достыққа деген құрметін көрсетеді.
Карина қазақша сөйлегенді ұнатады. Қазақтың салт-дәстүрін сақтап, үлкендерге сәлем беруді де ұмытпайды. Аралас некенің үлгісі – әртүрлі ұлт өкілдерінің достығы мен татулығын нығайту, ел бірлігін сақтау.
– Жалпы, келін болу қай елде де үлкен жауапкершілік жүктейді. Дегенмен, қазақ пен татар дәстүрлері мен тілдері бір-біріне жақын. Мен Арыс қаласында қазақ отбасының ортасында өстім, сондықтан қазақша сөйлеп, түсініп өстім. Көшеде немесе жұмыста жүргенде кейбіреулер орысша сөйлесе, мен қазақша жауап бергенде таң қалып қарауы мүмкін, – дейді Карина.
Карина қазақ халқының жеті атадан қыз алыспау дәстүрін ерекше бағалайды. Сол сияқты, ол қазақ тілінде сөйлемейтін адамдардың көптігіне қынжылатынын жасырмайды. Оның пікірі бойынша, әрбір адам өз тілін және дәстүрін сақтап, басқа ұлттармен достық, татулық және ел бірлігін нығайта алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында еліміздегі этнос өкілдерінің достығы мен бірлігін ерекше атап көрсетеді. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуда өлшеусіз үлес қосып отыр. Ассамблея этносаралық қатынастар саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылып, Қазақстанда бейбітшілік пен достықтың, ел бірлігі мен татулықтың үлгісін қалыптастырды. Соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді.
Карина Бектемированың өмірлік тәжірибесі – Қазақстандағы ел бірлігі, этносаралық татулық пен достықтың айқын көрінісі. Ол өз өмірінде ұлттық тәрбие мен дәстүрді сақтай отырып, қазақ қоғамына сіңісіп, ортақ мүдде үшін қызмет ететінін дәлелдейді. Әрбір отбасы мен әрбір азамат осындай үлгіге сүйенсе, Қазақстандағы бейбітшілік, татулық және ел бірлігі одан әрі бекемделеді.
Осылайша, Каринаның мысалы – әртүрлі ұлт өкілдерінің достығы мен татулығын, ел бірлігін сақтаудың, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді дәріптеудің айқын үлгісі. Бұл – біздің қоғам үшін тәрбиелік, рухани және әлеуметтік тұрғыдан құнды сабақ.



