Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық керуені» жобасын іске асыру аясында Кентау қаласында ақпараттық-насихаттық кездесу өтті. Бұл жоба өңірде этносаралық татулықты, достық пен ел бірлігін нығайту, жастарға ұлттық тәрбие беру, сондай-ақ этносаралық саладағы тәуекелдерді алдын алу бағытында маңызды қадам болып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – өңірлік этномәдени бірлестік мүшелерін халықпен кездесулерге тарту, диалог алаңдарын дамыту, жастардың арасында патриоттық және ұлттық тәрбие мен татулық сезімін қалыптастыру. Сонымен қатар, кездесулер жастардың бойына қоғамдағы бірлік пен достыққа деген құндылықтарды сіңіру, түрлі экстремистік және жат ағымдардың ықпалынан қорғау үшін бағытталған.
Кездесуге Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Хабибов Бегзат, қалалық Ассамблея жастарының төрағасы Абдалиев Дастон және мүшелері, ауыл әкімшілігінің мамандары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ филиалының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар өз ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе этносаралық достық пен ел бірлігін сақтау, жастарға ұлттық тәрбие беру, жат ағымдардан аулақ болу және қоғамдық келісім жұмысын жандандыру мәселелері талқыланды. Көптеген қатысушылар өз тәжірибелері мен ұсыныстарын бөлісіп, өңірде бірлік пен татулықты нығайту бағытындағы нақты қадамдарды ұсынды.
Ерназар Баетов өзінің іс-шараның маңызын түсіндірді.
– «Достық керуені» жобасы – жастар арасында этносаралық түсіністік пен татулықты қалыптастырудың, ел бірлігін нығайтудың, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудың тиімді құралдарының бірі. Әрбір этнос өкілі өз мәдениетін дәріптей отырып, басқа ұлттармен достық пен бірлік жолында жұмыс істейді», – деді.
Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бегзат Хабибов ел бірлігі ең үлкен қазына екендігін жеткізді.
– «Біз біртұтас қоғамның мүшелері ретінде әрқашан достық пен татулықты, ел бірлігін алға қоюымыз қажет. Жастардың бойына патриоттық тәрбие мен ұлттық дәстүрді сіңіру – біздің басты міндетіміз», – деп ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында жастар белсенді қатысып, өз пікірлерін ашық білдірді. Олар достық пен бірлікті сақтау, мәдениетаралық қарым-қатынасты нығайту, жастардың бойына ұлттық тәрбие мен патриоттық сезімді сіңіру жолындағы нақты ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар қойған сұрақтарға толық жауаптар беріліп, қоғамдағы татулық пен достықты нығайту, жастарды жат ағымдардан қорғау бағытындағы іс-шаралар талқыланды.
Бұл жоба өңірде этносаралық түсіністікті күшейтіп, бірлік пен татулықты насихаттауға үлес қосатынын, жастар арасында патриоттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды қалыптастыратынын көрсетті. «Достық керуені» жобасы – Қазақстандағы ұлттық бірлік пен бейбітшіліктің, достық пен татулықтың үлгісі, өңірдегі тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін маңызды құрал болып отыр.
Кездесу қорытындысында қатысушылар жобаның тиімділігін атап өтіп, этносаралық достық пен ел бірлігін сақтаудағы өздерінің жауапкершілігін сезінетіндерін білдірді. Әсіресе жастардың белсенділігі мен ынтасы жобаның қоғамдағы рөлін одан әрі арттыруға септігін тигізетіні айтылды.



