Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің экономикалық өркендеуінің басты тетігі – инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу екенін ерекше атап өтеді. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық моделі әрбір аймақта нақты жобалармен және халыққа пайдалы өндірістермен бекітілуі тиіс» деген болатын. Осыған сәйкес Түркістан облысында да өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып келеді.
Солардың бірі – Ордабасы ауданында қолға алынған тың бастамалар. Мұнда өнеркәсіп саласына ірі шетелдік инвестиция тартылып, құрылыс индустриясы үшін аса қажетті өнімдер шығаратын зауыт салынбақ. Жоба Бадам индустриялды аймағына іргелес орналасқан «КазМедПрибор» ЖШС-ның жеке меншік жер телімінде іске асырылмақ. Бұл өндіріс елімізде құрылыс саласында сұранысы артып келе жатқан сэндвич панельдерге арналған PIR (полиизоцианурат көбік) материалын өндіруге маманданатын болады.
Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік «Alem euro pir» компаниясының өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Инвесторлар өңірдің даму бағытына қызығушылық танытып, бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді. Жоба құны – 4,5 млрд теңге. Зауыт толық қуатына шыққан кезде шамамен 100 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Ал жобаның алғашқы кезеңінде жылына 1 миллион шаршы метр дайын өнім шығару жоспарланып отыр. Бұл – құрылыс саласын жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, жобаны іске асырудың нақты тетіктерін айқындады.
Сонымен қатар аудан басшысы Қытайдың жаңартылатын жел және күн көзінен электр қуатын өндіру саласында жетекші саналатын «Zhejiang Kanghua Wulian Technology Co., Ltd» компаниясының өкілдерімен де келіссөз жүргізді. Инновациялық жобаларымен танымал бұл компания электр энергиясын тікелей өнеркәсіптік тұтынушыларға жеткізу бағытында әлемдік тәжірибеге ие.
Аталған бастама өңірде «жасыл энергетика» саласының дамуына тың серпін бермек. Ең бастысы, экологиялық тұрғыдан таза әрі үнемді электр энергиясын өндіруге жол ашылады. Бұл өз кезегінде аймақтың тұрақты дамуына, өндіріс орындарының қуатын арттыруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етпек.
Президент Жолдауларында айтылғандай, «Әрбір өңір өз әлеуетін толық пайдаланып, елдің экономикалық қуатына үлес қосуы тиіс». Осы тұрғыда Ордабасы ауданындағы ірі инвестициялық жобалар – мемлекет басшысының тапсырмаларының нақты жүзеге асып жатқанын көрсететін жарқын мысалдардың бірі.



