Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді абаттандыру мақсатындағы шараға мыңға жуық азамат – мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен тұрғындар белсене қатысты.
Сенбілік барысында әр мекемеге арнайы учаскелер бекітіліп, сол аумақтағы бейберекет қоқыс орындары тазартылды. Ауданның кіреберіс жолдары ретке келтіріліп, шөптер шабылды, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды. Қоршаған ортаға залал келтірмеу үшін арнайы 15 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Жауапты мамандардың айтуынша, мұндай сенбіліктер Жетісай ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар өздеріне бекітілген аумақтарда тазалық жұмыстарын жүйелі түрде атқаруда.
Тазалық – тек санитарлық талап қана емес, мәдениет көрсеткіші де. Осыған орай аудан көлемінде тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету бағытында бірқатар игі істер жүзеге асуда. Атап айтқанда, көшелер кеңейтіліп, түнгі жарықшамдар орнатылуда, арық-атыздар мен қашыртқылар тазартылып, көгалдандыру және ағаш егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бұл шаралар Жетісай халқының туған жеріне деген қамқорлығын айқындап, «таза қала – жарқын болашақ» қағидасын жүзеге асыруға бағытталған.



