Қазақстан Республикасының Конституциясы – тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттілігіміздің негізі, қоғамдағы тұрақтылық пен әділет-тіліктің басты кепілі. Әрбір елдің өркениеттік даму жолында негізгі заңның орны айрықша екені белгілі.
Конституция – мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын, олардың жауапкершілігін белгілейтін құжат. Сондықтан оны құрметтеу – ел болудың ең басты міндеттерінің бірі.
Ата заңымыз 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл тарихи шешім Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа кезеңін бастап берді. Арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де, Конституция қоғам өміріндегі маңызын еш жоғалтқан жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын оның баптарының өміршеңдігі айқындалып, қазақстандықтардың құқықтық санасын қалыптастырудағы рөлі арта түсуде.
Конституция – жай ғана заңдар жинағы емес, ол – мемлекетіміздің саяси бағытын, экономикалық дамуын, әлеуметтік қатынастарын айқындайтын темірқазық. Әрбір азаматтың теңдігі, ар-ождан еркіндігі, білім алу, еңбек ету, кәсіпкерлікпен айналысу сияқты негізгі құқықтары осы құжатта бекітілген. Сол себепті Ата Заңды құрметтеу дегеніміз – өз құқығыңды қорғау ғана емес, өзгелердің құқығын сыйлау, қоғамдағы әділеттілік пен келісімге үлес қосу деген сөз.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында құқық үстемдігі мәселесіне айрықша тоқталып келеді. Президент атап өткендей, «Конституция – Қазақстандағы қоғамдық келісімнің негізі». Бұл сөздің астарында терең мән жатыр. Егер қоғам мүшелері заңды құрметтесе, оны орындауды азаматтық парыз деп білсе, онда елде тұрақтылық орнап, дамудың жаңа белестеріне көтерілуге жол ашылады.
Кентау қаласында да Конституцияны дәріптеу бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Білім беру ұйым-дарында, мәдениет ошақтарында, еңбек ұжымдарында Ата Заңның мәнін түсіндіруге арналған кездесулер, дәрістер мен дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, олардың заңға құрметпен қарауын қалыптастыру басты назарда. Бұл – болашақтың кепілі. Өйткені ел ертеңі – жас ұрпақтың бойындағы адалдық, әділеттілік, заңға бағыну қасиеттеріне байланысты.
Ата Заңға құрмет – тек мерекелік күндерде ғана айтылатын ұран емес, ол күнделікті өмірде көрініс табуы тиіс. Заңды сыйлау – жол ережесін сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, еңбек міндетін адал атқару, туған жерін қорғау сынды әрбір қарапайым әрекеттен басталады. Әр азамат өз өмірінде осы қағидатты берік ұстанса, онда Конституцияның қадірі артады.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз түрлі сын-қатерлерден өтті. Дегенмен, Қазақстан халқы Ата Заңды берік ұстанып, елдің тұтастығын сақтай білді. Конституцияда бекітілген қоғамдық келісім мен бірлік қағидалары бүгінде біздің мемлекетіміздің ең басты құндылығына айналды. Түрлі этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүріп, ортақ мүдде жолында еңбек етуінің негізінде де осы құжаттың берік іргетасы жатыр.
Биыл Конституция қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – ел үшін үлкен белес. Үш онжылдықта Қазақстан әлемге танылған, экономикасы дамыған, саяси тұрақтылығы сақталған мемлекетке айналды. Мұның бәрі де Ата Заңға сүйене отырып жүргізілген сындарлы саясаттың жемісі.
Конституцияны құрметтеу – елдіктің белгісі, азаматтық парыз. Әр қазақстандық Ата Заңның мәнін терең түсініп, оны сақтауды өмір салтына айналдырса, еліміз дамудың жаңа белесіне көтеріледі. Кентау өңірінің тұрғындары да бұл жолда белсенділік танытып, құқықтық мәдениетті арттыруға, жастарды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге атсалысуда.
Конституция – біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігін айқындайтын құнды құжат. Оны құрметтеу – әрбір азаматтың борышы, әрбір отбасының, әрбір ұжымның ортақ міндеті. Өйткені Ата Заңды ардақтау арқылы біз болашаққа нық қадам басамыз, тәуелсіздігімізді баянды етеміз.
Есбол АБДРАМАНОВ,
Кентау қалалық сотының төрағасы



