Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы жоғары бірқатар жаңа нысандар салу жоспарлануда. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Түркістан қаласын аралап, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалармен танысты. Сала басшылары мен қала әкімі облыс орталығында салынатын ғимараттар туралы ұсыныстарын жеткізіп, жоспарларын баяндады.
Алдымен аймақ басшысына М. Абенова мен Тоған көшелерінің қиылысында бой көтеретін жаңа қалалық әкімдік ғимаратының жобасы таныстырылды. 1,4 гектар аумаққа орналастырылатын бұл нысанның сәулеттік қасбеті іргелес орналасқан «Караван сарай» мен «Қолөнершілер орталығы» кешендерінің жобаларымен үйлестіріле жасалған. Құрылыс жұмыстарын 14 ай ішінде аяқтау жоспарлануда.
Бұдан кейін әкім Есімхан алаңы маңында салынуы көзделген «Руханият орталығының» жобасымен танысты. 0,44 гектар аумақта бой көтеретін екі қабатты ғимараттың құрылысы шамамен 7 айда аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, Н.Төреқұлов көшесі бойында орналасатын «Асыл мұра» саябағының құрылысы да назардан тыс қалмады. 6,2 гектар жерге орналастырылатын саябақтың 4,2 гектары абаттандырылмақ. Құрылыс мерзімі – 10 ай.
– Басты мақсат – халықтың өмір сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру. Жоспарланған жобалар ел мүддесіне толық қызмет етуі тиіс, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Облыс әкімі нысандардың құрылыс жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз етіп, сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.



