Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына орай білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен жоғары сынып оқушылары арасында волейболдан тартысты турнир ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Спорттық додаға «AMANAT» партиясы Кентау қалалық филиалының төрағасы Арман Басаров арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа екінші санаттағы жаттықтырушы Бағлан Бейсенов төрелік етті. Дода тартысты ойындарға ұласты. Әр команда өз шеберлігін, бірлік пен ұйымшылдығын көрсетіп, спорт алаңын қызыққа толтырды. Мұғалімдер қауымы күнделікті тығыз жұмыс кестесіне қарамастан спортқа деген құштарлығын паш етіп, жас ұрпаққа үлгі көрсетті. Ал оқушылар болса, өздерінің сергектігі мен шапшаңдығын байқатып, үлкендерден қалыспайтын деңгейде ойын өрнегін көрсетті.
Жанкүйерлер үшін қызықты өткен турнир нәтижесінде үздік ойыншылар мен командалар арнайы аталымдармен марапатталды. Жеңімпаздарға кубоктар, жүлдегерлерге дипломдар табыс етілді.
Филиал төрағасы Арман Басаров жарыс қорытындысында барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Кентау қаласының 70 жылдығы аясында өткен бұл спорттық іс-шара тек жарыс қана емес, бірліктің, достық пен ынтымақтың белгісіне айналғанын атап өтті. «Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамыту бағытындағы бастамаларымыз жалғасын таба беретін болады», – деді ол.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі



