Қазақ халқының түп негізінде мейірім, қайырым, жанашырлық пен үлкенге құрмет, кішіге ізет бар. Ата-баба салты мен асыл дініміз осы құндылықтардың ұйытқысы. Бұл туралы Мұхит Мақажанов «Дәстүр» студиясына берген сұхбатында айтып, бүгінгі қоғамда осы асыл қасиеттердің көмескі тартып бара жатқанын атап өтті.
— Қай кезде де дін мен дәстүр – елді біріктіріп тұрған егіз құндылық. Дін – адамды иманға, дәстүр – тәрбиеге бастайды. Екеуі – жан мен тәнді бірдей тазартатын, өмір жолына шам-шырақ болатын рухани бағдар. Дегенмен соңғы уақытта әлеуметтік желіде болсын, күнделікті өмірде болсын, осы екі ұғымды бір-біріне қарсы қою, пікірталасты ұрысқа, түсініспеушілікті араздыққа ұластыру жиілеп кетті. Дінде: ата-анаңды сыйла, туысыңмен тату бол, жанашыр, мейірімді бол делінген. Әр қазақ бір-біріне қамқор болуы тиіс. Ал біз керісінше, айтысып-тартысып, шекісіп, бір-бірімізге тіл тигізіп жүрміз. Мұның түбі жақсылыққа апармайды. Ертең дұшпанға жем боламыз – осыны ойлауымыз керек. Расында, ел ішінде дау көбейсе, сыртта аңдыған жауға бұл дайын олжа. Бірлігін жоғалтқан елдің болашағы бұлдыр. Сондықтан татулық пен діни тұрақтылықты сақтау баршамыздың азаматтық міндетіміз, — деді ол.
Мұхит Мақажановтың айтуынша, қоғамның мейірімге зәру екенін өмірлік мысалдар дәлелдейді. Мәселен, пойыздан түскен жас қыздың ауыр сөмкесін көріп тұрып, жанынан өткен бір жігіт «мен саған жүк тасушы емеспін» деп қабақ шытса, егде кісі үндемей көмекке ұмтылған. Бұл – бір елдің ішінде жүрген екі түрлі болмыс: бірі – менмендік пен тәкаппарлыққа тұншығып өскен жан, екіншісі – мейірім мен тәрбиені бойына сіңірген парасат иесі. Яғни, ілім тек үйрену емес, оны жүрекке сіңіріп, өмірде қолдана білу – нағыз тәрбие.
— Ілімі таяз, ойы тауқыметтен арылмаған жастар кез келген жат ағымға ере салуы мүмкін. Ал білімді адам жарық шам секілді, айналасына сәуле шашып, елге пайдасын тигізеді. Қоғамда көп адам өз білімін, өз ойын сараламай жатып біреуге ілесіп, арты пәлеге ұрынғанын кеш түсінеді. Біз тәрбиені отбасынан бастауымыз керек. Дініміз адамды мейірімге, сабырға, жанашырлыққа тәрбиелейді. Сол жолдан айнымайық. Елдің бірлігі мен діни тұрақтылық – ұлт амандығы мен мемлекеттің тұтастығының кепілі. Бұл құндылықтарды сақтау әр азаматтың, әр отбасының, әр ата-ананың мойнындағы жауапкершілік екенін ұмытпауымыз керек. Жанашырлық, мейірім, сабыр, сыйластық – дін мен дәстүрдің өзегіндегі қасиеттер. Осыларды өмірде ұстанып, ұрпаққа дарыта алсақ, елдің ертеңі жарқын болмақ, — деді ол.
Сондай-ақ, ақын ұлтты ұйыстыратын – ұлағатты тәрбие екендігін жеткізді.
— Тәрбиенің бастауы – отбасы. Отбасы түзелмей, қоғам түзелмейді. Ал қоғам түзелмей, елдің болашағы берік болмайды. Сондықтан өсер елдің баласы өнегелі ойдың жетегінде жүреді. Мейірімділік пен жанашырлық – адам бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер елді біріктіреді, ұлтты ұлық етеді. Ендеше, біз де бір-бірімізге жау емес, жанашыр болайық. Дауды емес – татулықты, айтысты емес – ауызбіршілікті, дүрдараздықты емес – діни тұрақтылық пен ел бірлігін дәріптейік. Сонда ғана баянды болашаққа бірге қадам басамыз,- деді ол.



