Қазақ халқы – ұрпақ тәрбиесін, ананың саулығын және елдің бірлігін әрдайым жоғары қойған дана халық. Әр салтының астарында ұлтты ұйыстыратын, рухани тамырды тереңдететін мән бар. Кентау қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Бибі Еркінбекқызы Дәрібаева қалжа дәстүрін тек тұрмыстық ғұрып емес, елдің бірлігі мен рухани иммунитетін сақтайтын ұлы аманат деп бағалайды.
– Жас босанған келін босанғаннан кейін әлсірейді. Оның бойындағы дәрумендер, күш-қуат баланың бойына кетеді. Мұны ата-бабамыз терең түсініп, жас ананың саулығын бірінші орынға қойған. Қалжа беріп, күтім жасаған. Бұл – ұлттық иммунитетке айналған дәстүр. Қалжаның астарында денсаулық қана емес, ынтымақ пен елдік те жатыр, – дейді Бибі ана.
Қалжа беру – тек физиологиялық қажеттілікті өтеу емес, үлкендердің жас отбасыға деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын білдіретін рәсім. Бұл дәстүр арқылы ауыл-аймақ жас анаға сүйеніш болып, ұрпақ жалғастығының жауапкершілігін бөліседі. Осындай ортақ міндет сезімі – ел бірлігін бекемдейтін баға жетпес құндылық.
Ислам діні де ананы құрметтеуді, отбасы татулығын, әлсізге қамқорлық жасауды парыз етеді. Қалжа рәсіміндегі «ананың тәні мен жанын күту» қағидасы Құрандағы мейірім мен әділдік ұстанымдарымен ұштасады. Ұрпақ амандығы үшін жасалған бұл дәстүр – халқымыздың діни-рухани негізімен үйлескен ұлттық тәрбие мектебі.
Бибі Еркінбекқызы қазіргі қоғамда дәстүрді сақтамаудың теріс салдарына да тоқталды:
– Біз кең байтақ жерімізді қорғайтын мықты әскерден бұрын, дені сау, иманды, отаншыл ұрпаққа мұқтажбыз. Мәңгілік Ел боламыз десек, ананың аман-саулығын қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Бұл – бабаларымыздың аманаты, дәстүріміздің діңгегі. Қазақта «Ынтымақ бар жерде ырыс бар» дейді. Дені сау анадан туған бала – болашақта әділетті, мейірімді, ел бірлігін қадірлейтін азамат. Отбасыдан басталған осы тәрбие қоғамның тұтастығын қамтамасыз етеді. Дәстүрді сақтау арқылы біз ұлттық кодты да, елдің рухани тірегін де бекітеміз. Қалжа – өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың кепілі. Ананы қорғау – ұлтты қорғау, дәстүр мен дінді сақтау – елді сақтау. Елдік мүддеге қызмет еткен мұндай ғұрыптарды дәріптеу – ұлттық болмысымызды сақтап, ел бірлігін нығайтудың берік жолы,- дейді ол.


