Кентау қаласындағы көпсалалы колледжде жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу, олардың бос уақытын тиімді өткізу мәдениетін қалыптастыру және этносаралық татулықты нығайту мақсатында кеңейтілген ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті. Бұл кездесу өңірдегі жас буынның қоғамдық белсенділігін арттырып, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолындағы маңызды қадам ретінде ұйымдастырылды.
Шараны қалалық руханият орталығы, жастар ресурстық орталығы және Қоғамдық келісім КММ Кентау қалалық филиалы бірлесіп өткізді. Колледж студенттерімен кездесуге теолог маман Ұлықбек Құлтай, жастар орталығының заңгері Бекнұр Шакиров, Қоғамдық келісім филиалының басшысы Бақытжан Әшірбаев, сондай-ақ қала ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесуде алдымен руханият орталығының теологы Ұлықбек Құлтай сөз алып, жастарға теріс діни ағымдардың қоғамға келтіретін зияны жөнінде айтты. Ол әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын жалған ақпараттарға сын көзбен қарауды ескертіп, зайырлы мемлекет қағидаттарын құрметтеудің маңызын атап өтті. «Жастар рухани тұрғыдан мықты болса, ешқандай теріс ықпалға ермейді. Білім мен парасат – елдің тұрақтылығының кепілі», – деді теолог.
Келесі сөз алған жастар орталығының заңгері Бекнұр Шакиров жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың қажет екенін айтты. Ол студенттерге заңды сақтау, қоғамдық тәртіпке бағыну және жауапкершілікпен әрекет ету – әр азаматтың борышы екенін түсіндірді. Сондай-ақ ол жастардың бос уақытын тиімді пайдалану жолдарын атап өтті: спорттық үйірмелерге қатысу, еріктілер қозғалысына қосылу, мәдени шараларда белсенді болу – тұлғалық дамуға да, қоғамға да пайда әкелетінін жеткізді.
Қоғамдық келісім филиалының басшысы Бақытжан Әшірбаев этносаралық татулық мәселесіне тоқталып, көпұлтты қоғамдағы ынтымақ – елдің ең басты байлығы екенін атап өтті. Ол Түркістан өңіріндегі түрлі этностардың бір-біріне құрмет көрсетіп, дәстүр мен мәдени алмасуда үлгі болып отырғанын мысалға келтірді. «Бірлігімізді сақтасақ, еліміздің ертеңі жарқын болады. Жастардың бойына толеранттылық пен өзара сыйластық қасиеттерін дарыту – баршамыздың міндетіміз», – деді ол.
Шара барысында ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері де сөз алып, жастарға өнегелі кеңестерін айтты. Олар ұрпақтар сабақтастығын сақтап, елдің дамуына үлес қосу – жас буынның басты парызы екенін жеткізді. Кездесу соңында студенттер мамандарға сұрақ қойып, көкейлеріндегі мәселелер бойынша кеңес алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да қаладағы өзге оқу орындарында жалғасады. Бұл бастама жастардың саналы көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға мүмкіндік береді.



