Кентау қаласындағы №7 колледжде ерекше форматтағы ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Бұл басқосу жастардың діни экстремизмге қарсы иммунитетін күшейтуге, олардың бос уақытын мазмұнды өткізуге және этносаралық татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға арналды. Шараға колледж студенттерімен бірге ұстаздар, қаладағы руханият орталығының өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері және ақсақалдар қауымы қатысты.
Кездесуді ашқан колледж басшылығы мұндай іс-шаралардың жас ұрпаққа бағыт-бағдар берудегі маңызын атап өтті. Қатысушылар жастардың жауапкершілігі жоғары, елдің дамуына үлес қосатын тұлға болып қалыптасуы тек біліммен шектелмей, рухани-мәдени тәрбиеге де тәуелді екенін жеткізді.
Алғашқы болып сөз алған Кентау қалалық руханият орталығының теолог маманы Ұлықбек Құлтай қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтаудың негізгі жолдарына тоқталды. Ол соңғы жылдары деструктивті ағымдардың әлеуметтік желі арқылы жастар санасына әсер етуге тырысатынын нақты деректермен түсіндірді. «Радикалды идеялардың жетегінде кету – жеке адамның тағдырына ғана емес, бүтін қоғамға қатер. Сондықтан әрқайсымыз ақпарат көзін таңдауда абай болып, кез келген күмәнді мәліметті тек ресми дереккөзден тексеруіміз қажет», – деді теолог.
Келесі кезекте Кентау қалалық жастар орталығының заңгері Бекнұр Шакиров сөз алып, құқықтық сауаттылықтың маңызын кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, заңды білу – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың міндеті. «Қандай да бір заңсыз әрекет немесе арандатушылыққа бару – болашағымызды да, отбасымыздың амандығын да қатерге тігумен тең. Заңды құрметтеу арқылы ғана біз әділ әрі тұрақты қоғам құра аламыз», – деп атап өтті ол.
Қоғамдық келісім КММ Кентау филиалының басшысы Бақытжан Әшірбаев этносаралық татулық мәселесіне ерекше назар аударды. Ол Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүріп жатқанын айтып, өзара сыйластық пен түсіністіктің ел дамуының негізгі кепілі екенін жеткізді. «Біздің басты байлығымыз – бірлігіміз. Ұлттық дәстүрлерді қастерлеу, тарихымызды құрметтеу – келешекке қалдырар ең үлкен мұрамыз», – деді ол.
Ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері де жастарға жүрекжарды тілектерін айтып, ұлттық салт-дәстүр мен мәдени мұраны сақтау, ата-баба аманатына адал болу керектігін еске салды.
Кездесу барысында студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру тақырыбы да кеңінен сөз болды. Ұйымдастырушылар жастарды спорттық секциялар мен мәдени үйірмелерге, шығармашылық клубтарға, еріктілер қозғалыстарына белсенді қатысуға шақырды. Мұндай әрекеттер олардың жеке қабілеттерін дамытып қана қоймай, жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті арттыратыны айтылды.
Шара соңында еркін пікір алмасу жүріп, студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Кейбір жастар оқу орнындағы мәдени шараларды көбейту, спорт алаңдарының жұмысын жандандыру туралы ұсыныстарын ортаға салды. Спикерлер бұл ұсыныстарды қолдап, жастардың белсенділігіне ризашылық білдірді.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай кездесулер – рухани-ағарту жұмыстарының маңызды бөлігі. Олар жастардың бойына патриоттық рух, толеранттылық пен өзара құрмет сезімін сіңіруге, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға септігін тигізеді. №7 колледждегі бұл шара – Кентаудағы жастар саясатының нақты қадамдарының бірі ретінде есте қалды.



