Кентау өңірлік мемлекеттік архив мекемесінде діни экстремизм мен деструктивті ағымдардың алдын алу мәселесіне арналған түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, азаматтардың діни сауаттылығын арттыру және радикалды көзқарастардың алдын алу.
Кездесуге Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Бекжан Абдрахман және «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Ұлықбек Құлтай қатысып, архив ұжымына өзекті мәселелер жөнінде кеңінен мағлұмат берді.
Спикерлер діни экстремизм ұғымына, оның қоғамдағы орны мен қауіпті тұстарына тоқталып, еліміздің зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарын түсіндірді. Бекжан Абдрахман радикалды ағымдардың идеологиялық негіздері мен таралу жолдарын нақты деректермен баяндап, олардың жастар санасын улайтын тәсілдері туралы айтты. Ол сондай-ақ әлеуметтік желілерде жалған діни ақпараттардың қалай таралатынына мысалдар келтіріп, ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығын атап өтті.
Өз сөзінде Ұлықбек Құлтай зайырлылық қағидаттарын ұстанудың қоғамдағы бірлік пен тұрақтылыққа тигізетін әсерін баса айтты. Ол архив қызметкерлерін діни сауатты арттыруға шақырып, күмәнді ақпарат көздеріне сенбеуге, ресми дереккөздерге жүгінуге кеңес берді.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Архив қызметкерлері қазіргі таңда әлеуметтік желілерде кең таралған діни ағымдар мен олардың ерекшеліктері, сондай-ақ жастармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдері туралы сұрап, нақты жауаптар алды. Теолог мамандар бұл бағытта отбасы тәрбиесінің, білім беру мекемелерінің және мемлекеттік органдардың рөлін ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушыларға діни экстремизмнің алдын алу бойынша дайындалған арнайы ақпараттық үнпарақшалар таратылды. Бұл материалдар радикалды идеологиядан сақтанудың жолдары, сенімді діни дереккөздерді таңдау, күдікті діни ұсыныстарды тиісті органдарға хабарлау жөнінде кеңестерді қамтыды.
Мұндай түсіндіру кездесулері қоғамның діни тұрақтылығын қамтамасыз етуге, азаматтардың діни сауатын жетілдіруге және жастарды жат ағымдардан қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Архив ұжымы теолог мамандарына өзекті әрі мазмұнды мәлімет бергені үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.



