Кентау қаласындағы №19 Әлия Молдағұлова атындағы мектепте жастарға арналған маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі тақырыптары – этносаралық татулық пен бірлік, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғамдық келісімді нығайту болды.
Кездесуді өткізуге Кентау қалалық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығының мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері және ұстаздар ұжымы атсалысты. Жиынға мектептің жоғары сынып оқушылары, жас мамандар мен белсенді жастар қатысты.
Басқосуда баяндамашылар этносаралық татулық – ел тұрақтылығының берік іргетасы екенін атап өтті. Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде әрбір азаматтың бір-біріне құрметпен қарауын, достық пен өзара сыйластықты сақтауды басты құндылық етіп ұстанады. «Бірлігін бекем еткен елдің іргесі берік болады» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, жастарға кез келген жағдайда араздық тудыратын әрекеттерге жол бермеу – азаматтық парыз екені түсіндірілді. Әлеуметтік, ұлттық, діни немесе рулық негіздегі араздықты қоздыру – заң алдында да, қоғам алдында да ауыр жауапкершілікке апаратыны нақты мысалдармен айтылды.
Сонымен қатар құқықтық сауаттылық тақырыбы да кеңінен сөз болды. Мамандар жас буынға заң нормаларын білу тек құқықтарын қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті сақтау үшін де маңызды екенін жеткізді. «Заң және тәртіп» ұғымдарының өзара байланысы түсіндіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары бойынша кеңестер берілді.
Кездесу барысында мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар да таныстырылды. «Жасыл ел», «Қоғамдық жұмыс», «Жастар тәжірибесі» секілді жобаларға қатысу мүмкіндіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әсіресе, өз ісін бастағысы келетін жастар үшін қарастырылған 500 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз гранттар туралы мәлімет жастардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл гранттың бизнес идеяларды жүзеге асыруға берілетіні, сондай-ақ оған өтініш берудің шарттары мен рәсімдері егжей-тегжейлі баяндалды.
Жиын соңында сөз алған мектеп ұстаздары мен қоғам белсенділері мұндай кездесулердің тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, этносаралық татулық пен құқықтық мәдениет – жас ұрпақ бойына ерте кезден сіңірілуі тиіс құндылықтар. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосады.
Кентау қаласының білім беру мекемелерінде өткізіліп жатқан осындай іс-шаралар Ел Президентінің Жолдауларында айтылған қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту жөніндегі міндеттерге сай жүзеге асырылып келеді. Жастардың болашағына нық сеніммен қадам басып, қоғам өміріне белсене араласуына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғаны да бұл кездесудің басты ойларының бірі болды.
Осындай игі бастамалар Кентау өңіріндегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтып, жас ұрпақтың патриоттық сезімін күшейтуге, құқықтық мәдениетті арттыруға және этносаралық татулықты бекемдеуге бағытталғанын айта кеткен жөн.



