Кентау қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №10 жалпы орта мектебінде жастарға арналған тәрбиелік бағыттағы кездесу өтті. Басқосуда «Бейбітшілік пен келісім сабақтары», «Әділдік пен жауапкершілік» тақырыптары кеңінен қозғалып, оқушылар мен ұстаздар өзара пікір алмасты.
Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – жас буынға құқықтық сауаттылықтың маңызын түсіндірумен қатар, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайту. Кездесу барысында қоғамдағы өзара түсіністік пен достықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілді. Қазақстан халқының бірлігі – тұрақтылық пен даму кепілі екендігі атап өтіліп, қоғамдық келісімді нығайту жолында белсенді болу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар шарада этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің маңызы кеңінен сөз болды. Қатысушыларға әлеуметтік, ұлттық, діни немесе рулық араздықты қоздырудың қауіптілігі түсіндіріліп, мұндай әрекеттерге жол бермеу – әрбір азаматтың парызы екені ерекше атап өтілді. Жастарға кез келген қоғамдағы өркендеудің негізі – тұрақтылық пен татулық екені ұғындырылды.
Басқосу барысында мемлекет тарапынан жас буынды қолдауға бағытталған түрлі мүмкіндіктер де таныстырылды. Атап айтқанда, «Жасыл ел» бағдарламасы, жастарға арналған қоғамдық жұмыс түрлері және «Жастар тәжірибесі» жобасы жайлы толық мәлімет берілді. Сондай-ақ мемлекеттен 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде берілетін қайтарымсыз гранттың шарттары түсіндірілді. Бұл грант жастардың өз кәсібін бастауына, жаңа идеяларын жүзеге асыруына зор мүмкіндік береді.
Жиынға қатысушылар жастардың білім алуымен қатар, қоғамдық өмірге белсене араласуына жағдай жасалып отырғанын атап өтті. Бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі – елдің ертеңгі дамуына тікелей ықпал ететініне назар аударылды. Кездесу соңында оқушылар қойылған сұрақтарына жауап алып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беріп қана қоймай, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін, әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға септігін тигізетін болады.



