Астана қалалық Қоғамдық келісім кеңесі жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері Кентау қаласына арнайы іс-сапармен келді. Делегацияның негізгі мақсаты – дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық «Мектепке жол» акциясын қолдау және білім беру саласындағы әлеуметтік маңызды шараларды насихаттау.
Іс-шара барысында оқу озаттары, шығармашылық, спорт және ғылым саласында жетістікке жеткен дарынды оқушыларға, сондай-ақ көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажетті оқу құралдары табысталды. Бұл бастама әрбір оқушының оқуына қосымша қолдау болып, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Делегация құрамында Астана қаласы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, «Әлем әйелдері достығы орталығы» ҚБ төрайымы, сертификатталған тренер, психолог, монтессори-педагог Алтынай Тәңірбергенова; журналистика ардагері, «Қазақ радиосының» дикторы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Күләш Қайланқызы; «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының Аналар кеңесінің мүшесі Земфира Низамутдинова; «Юнчи» этномәдени дүнген орталығының Аналар кеңесінің төрағасы, Қазақстан стоматологиялық қауымдастығының мүшесі Шапаат Нурахунова; «Оберег» ҚБ төрайымының орынбасары, меценат Наталья Рудой; «Барбанг» Қазақстан Республикасы күрдтер қауымдастығы РҚБ Астаналық филиалының Аналар кеңесінің төрайымы Малика Садикова; белгілі этнодизайнер, ұлттық киімді насихаттаушы, «Қапсырма» жобасының авторы Мадина Даниярова; сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ Кентау қалалық филиал басшысы Бақытжан Әшірбаев және Кентау қалалық білім бөлімінің қазақ тілі мен әдебиет, өзбек тілі пәндерінің әдіскерлері қатысты.
Акция барысында балаларға жылы лебіздер айтылып, олар оқуда озат болуға, ата-аналарын құрметтеуге және елге пайдалы азамат болып өсуге шақырылды. Сонымен қатар делегация мүшелері әрбір балаға өз қолдарымен сыйлықтарды табыс етіп, олардың қуанышына ортақтасты.
Мектеп ұжымы мен ата-аналар өз кезегінде қонақтарға алғыстарын білдіріп, мұндай игі істердің жас ұрпаққа үлкен демеу болатынын атап өтті. Іс-шараның маңызды тұсы – қоғамдағы өзара түсіністік пен бірлікті нығайту, сондай-ақ балалардың болашағына сенімділік сыйлау болды.
Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл шара балаларға білімге деген құштарлықтарын арттыруға, әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын түсінуге мүмкіндік беріп, Кентау қаласындағы қоғамдастық пен отбасы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.



