Қазақ халқы ежелден-ақ елдің ынтымағы мен ұрпақтың тәрбиесін ең басты байлық санаған. Ұрпақ жалғастығының өзегі – отбасы, ал отбасының тірегі – ибалы келін. Қазақ келінін әрдайым төрге шығарып, қонағындай күтіп, ақыл мен мейірім арқылы анасына айналдыруды дәстүр еткен. Бұл ұстаным – халқымыздың ел бірлігі мен рухани тұрақтылығын сақтаған басты құндылықтарының бірі.
Алайда қазіргі қоғамда жас келіннің жаңа ортаға бейімделуі кейде күрделі мәселе болып отыр. Отбасындағы түсініспеушілік тек шаңырақтың тыныштығына ғана емес, ұлттық бірлікке, демографиялық өсімге, дін мен дәстүрге деген құрметтің әлсіреуіне әсер етуде.
Кентау қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Бибі Еркінбекқызы Дәрібаева бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары келінге жанашырлықтан гөрі талап қою басым болып кеткен:
– Жас келіннің отбасыға сіңісуі үшін түсіністік пен жылы сөз қажет. Қазақ дәстүрі – мейірім мен ақылға құрылған тәрбие. Қателігін кешіріп, қолдау көрсетсек, ол бұл шаңырақтың өз қызына айналады. Бұл – ел бірлігін бекемдейтін жол, – дейді ардагер ұстаз.
Зерттеулер де ұлттық дәстүрдің маңызды екенін айғақтайды. Жапония мен Қазақстанның әдет-ғұрыптарын салыстырған ғалымдар қазақ келіндері мен жапон әйелдерінің 80 пайызға жуық салт-дәстүрлері сәйкес келетінін анықтаған. Ұяңдық, үлкенді сыйлау, дастарханға құрмет көрсету сияқты ұстанымдар – қоғамның бірлігін сақтайтын мәдениет үлгілері.
– Жапон елі дәстүрін ұмытпай, үкімет деңгейінде қорғап отыр. Біз де тәуелсіздік жылдарында жоғалтқан рухани құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, салтымыз бен дінімізді ұлықтауымыз қажет. Сонда ғана елдік қасиетіміз сақталады, – дейді Бибі ана.
Ардагер ұстаз қоғамда жиі айтылатын «Ішіме сыйған қыз, сыртыма да сыяды» деген сөздің қазаққа жат екенін атап көрсетті:
– Мен зерттедім: мұндай сөз бұрын қазақта болмаған. Бұл – сырттан енген жат идеология. Соның кесірінен аналарымыз келінге ақыл айтудың орнына, реніш білдіріп, араға іріткі сала бастады. Тіпті телефон арқылы ене мен келіннің арасына от салатындар көбейіп барады. Мұндай көзқарас ұлттың ынтымағына сызат түсіреді, – дейді ол.
Бибі Еркінбекқызының пікірінше, отбасы тыныштығы – ел болашағының іргетасы. Жас отбасылардың ажырасуы тек демографияны әлсіретіп қоймайды, қоғамдағы сенім мен діни тұрақтылыққа да сына қағады.
– Мәңгілік Ел болу – тек экономикалық жетістік емес, рухани бірлік пен дәстүрге адалдық. Ұрпақ өсіру, саналы қоғам қалыптастыру – отбасындағы татулықтан басталады. Жас келінді жатсынбай, ақылмен баураған шаңырақ – ел бірлігін сақтайтын шаңырақ, – дейді ұстаз.
Қазақтың «Келін ененің топырағынан» деген сөзі – бекер емес. Құнарлы топырақтан өнегелі ұрпақ өседі. Бүгінгі қоғамға жөн сілтей алатын, дәстүр мен дінге құрметпен қарайтын ибалы келіндер ауадай қажет.
Сондықтан да жас келіндердің салт-дәстүрге, дінге және отбасы құндылықтарына құрметін арттыру – тек бір әулеттің емес, тұтас елдің парызы. Қазақ үшін дін мен дәстүр – егіз ұғым, ал отбасындағы жарасым – елдің татулығының кепілі. Отбасында берік орныққан сыйластық – қоғамдағы тұрақтылықтың тірегі.
Қазақтың «Тәрбие – тал бесіктен» деген аманаты бізді рухани тамырымызды ұмытпауға үндейді. Сол тал бесікті тербететін келіндерге қолдау көрсету – елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға бағытталған ең маңызды қадам.



