Бүгін облыс орталығы – Түркістан қаласында халықаралық «World CleanUp Day» экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті дамыту және тұрғындарды табиғатты аялауға үндеу мақсатында өткізілді.
Сенбілік жұмыстарына облыстық департаменттер мен басқармалар, дербес бөлімдер мен секторлардың мамандары, коммуналдық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, қала тұрғындары және ерікті жастар белсене қатысты.
Тазалық жұмыстарына жалпы мыңнан астам адам атсалысып, 32 арнайы техника жұмылдырылды. Қатысушылар Б.Саттарханов даңғылы мен Қазыбек би көшесі аралығындағы аумақтарды тазалап, аяқжолдар мен қоғамдық орындарды күл-қоқыстан арылтты, шөптерді шауып, қоқыс қалдықтарын белгіленген орындарға шығарды. Нәтижесінде 85 тоннадан астам тұрмыстық қалдық тазартылып, қала келбеті айтарлықтай жақсарды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай сенбіліктер өңір тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыруға, туған жердің табиғи сұлулығын сақтауға және ортақ еңбектің құндылығын насихаттауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық мәдениет – қоғамның дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың маңызды бөлігі.
Бұл шара Түркістан қаласының тазалығын қамтамасыз етуде ғана емес, экологиялық сана-сезімді нығайтуда да айрықша маңызға ие болды. Сенбілік барысында көрсетілген бірлік пен белсенділік – өңір халқының туған жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.



