Төлеби ауданында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында және «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Ауданның тазалық және абаттандыру саласын жаңғырту үшін арнайы алынған 16 жаңа техника ресми түрде пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалардың кілттерін тапсырды. Өз сөзінде аудан басшысы еңбек адамдарының – жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті:
– «Коммуналдық сала мамандары ауданымыздың көркеюіне, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Бүгін тапсырылған техника олардың еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Жаңа техникалар ауылдық округтерге бөлініп, жергілікті коммуналдық қызметтердің жұмысын айтарлықтай жандандыруға бағытталды. Заманауи құрал-жабдықтар аудан аумағында тазалықты сақтауда, көшелерді күтіп ұстауда және тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығарып отыруда тиімділікті арттырмақ.
Осы күні дүниежүзілік тазалық күніне орай Төлеби ауданында жалпыаудандық сенбілік те өтті. Тазалық шарасына тұрғындар, коммуналдық қызмет мамандары, қоғамдық ұйымдар мен жастар белсене қатысты. Қатысушылар көшелерді, қоғамдық орындар мен көше бойындағы жасыл аймақтарды күл-қоқыстан тазартты. Аудан бойынша арық-атыздар тазаланып, гүлзарлар ретке келтірілді.
Аудан басшылығы мұндай ұжымдық шаралардың экологиялық мәдениетті қалыптастыруда және туған жердің көркін арттыруда маңызы зор екенін атап өтті. Бұл бастама «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қолға алынған маңызды қадамдардың бірі әрі «Таза Қазақстан» бағдарламасының нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Жаңа техникалармен жабдықталған коммуналдық қызметтер аудан тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.



