Кентау қаласындағы “Дәуір” балабақшасында ел бірлігі мен рухани тұрақтылықты сақтау мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Бұл шара – қоғамда діни тұрақтылықты нығайту, теріс діни ағымдардың алдын алу және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Кездесуге “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ-нің теолог мамандары Ш.Нұрулла мен А.Ибраева, сондай-ақ ұлттық құндылықтар инспекторы Э.Дюсенбиева қатысты. Мамандар діннің қоғамдағы орны, зайырлы мемлекет қағидаттары және отбасы мен ұлттық құндылықтардың маңызы жөнінде жан-жақты әңгіме өрбітті.
Теолог мамандар соңғы жылдары әлемде түрлі радикалды ағымдардың белсенділігі артып келе жатқанын, олардың ең алдымен жастар мен қарапайым азаматтарды адастыруға тырысатынын атап өтті. Сол себепті әрбір азаматтың діни сауатты болуы, ақпарат көздерін саралап қабылдай білуі аса маңызды екені түсіндірілді. Қатысушыларға жалған діни идеялардың қоғам мен отбасы өміріне тигізетін қауіп-қатері нақты мысалдар арқылы жеткізілді.
Инспектор Э.Дюсенбиева ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің ел бірлігін сақтау мен жастарды дұрыс бағытқа тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті. Ол ұлттық тәрбиенің тамыры тереңде жатқанын, рухани бай мұраны насихаттау арқылы теріс пиғылды ағымдарға қарсы тұруға болатынын айтты.
Кездесу барысында балабақша қызметкерлеріне арнайы ақпараттық бүктемелер таратылып, діни экстремизмнің алдын алу жөнінде кеңестер берілді. Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, дін саласындағы өзекті мәселелерге қатысты ой бөлісті.
Осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары қоғамда діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, ұлт бірлігі мен рухани тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы қоғам мүшелерінің сана-сезімін көтеріп, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.



