Кентау қаласында қоғамдағы отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік кеселдердің алдын алу мақсатында ауқымды кездесу өтті. Шара «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» және «Салауатты сана» жобалары аясында ұйымдастырылды.
Жиын Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында өтті. Кездесу «Менің отбасым — сыйластық орнаған орта» тақырыбына арналды. Іс-шараға 8–9 сынып оқушылары қатысып, қоғамдағы отбасының рөлі мен өзара сыйластық мәдениеті туралы маңызды ақпарат алды.
Кездесуге Кентау қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы М.Кривенцова, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-і Кентау қалалық филиалының маманы А.Құрманбаева, қалалық емхананың «Алау» жастар денсаулық орталығының меңгерушісі Р.Утебаева, психолог Н.Смайлова, қалалық Отбасын қолдау орталығының психологы Н.Оспанова, полиция бөлімінің зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция лейтенанты М.Құттыбаева мен Г.Жақсылықова, сондай-ақ қалалық Жастар ресурстық орталығының заңгер маманы Б.Шакиров қатысты.
Мамандар мен сарапшылар жастарға отбасындағы сыйластық пен жауапкершіліктің маңызын, қоғамдағы моральдық-этикалық құндылықтарды түсіндірді. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында отбасылық тәрбиенің қоғамдағы тұрақтылық пен ұрпақ сабақтастығын қалыптастырудағы рөлі кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында оқушыларға өз құқықтары мен міндеттерін білу, үлкенді сыйлау, өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнатудың маңызы туралы айтылды. Аналар кеңесінің төрайымы М.Кривенцова отбасындағы ананың тәрбиелік миссиясына ерекше тоқталып, ата-ананың өнегелі болмысы мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі жайлы әсерлі ойларымен бөлісті.
Ал «Салауатты сана» жобасы аясында жасөспірімдер арасында кең тараған әлеуметтік мәселелер — ерте жүктілік, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық тақырыптары қозғалды. Дәрігерлер мен психологтар бұл мәселелердің жастардың болашағына тигізер кері әсерін түсіндіріп, дені сау ұлт пен салауатты қоғам қалыптастырудың жолдарын көрсетті.
Қалалық полиция бөлімінің инспекторлары құқықбұзушылықтың құқықтық салдарын түсіндіріп, заң алдындағы жауапкершілік пен қауіпсіз өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Ал Жастар ресурстық орталығының заңгер маманы Б.Шакиров жастарға құқықтық көмек алу жолдарын түсіндіріп, өз құқықтарын білу арқылы қиын жағдайлардың алдын алуға болатынын айтты.
Кездесу барысында мамандар жасөспірімдерге өмірлік маңызды кеңестер беріп қана қоймай, олармен еркін пікір алмасты. Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап берілді. Бұл жиын жасөспірімдердің қоғамдағы өз орнын, жауапкершілігін және отбасылық құндылықтардың мәнін жақсырақ түсінуге ықпал етті.
Шара соңында қатысушылар пікірлерін білдіріп, жиыннан алған әсерлерімен бөлісті. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің маңызы зор екенін, себебі дәл осындай алдын алу және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар арқылы жастардың салауатты санасын қалыптастыруға, қоғамдағы моральдық және рухани құндылықтарды нығайтуға жол ашылатынын атап өтті.
Кентау қаласында отбасылық тәрбие мен ел бірлігін және рухани құндылықтарды насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.



