Кентау қаласында «Салауатты сана» жобасы аясында жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ел бірлігі мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған кездесу өтті. Аталған шара №17 Ә.Науаи атындағы жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылды.
Кездесуге қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі А.Нұрымбетов, Кентау қалалық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің заңгер маманы Б.Шакиров, Кентау қалалық “Руханият” орталығы КММ-нің теолог маманы Ұ.Құлтай және колледж студенттері қатысты.
Шара барысында қатысушылар «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік проблемалардың бірі саналатын бес түрлі кесел — ерте жүктілік, нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық және вандализм сынды келеңсіз құбылыстар туралы жан-жақты түсіндірме алды. Бұл мәселелер бүгінде жастар арасында жиі кездесіп, олардың болашағына кері әсерін тигізіп отыр. Сол себепті осындай алдын алу сипатындағы кездесулердің маңызы зор.
Ақсақалдар кеңесінің мүшесі А.Нұрымбетов өз сөзінде жастардың бойында елге, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. «Біздің еліміздің болашағы — сендердің қолдарыңда. Құқықтық тәртіп пен бірлікті сақтау әр азаматтың парызы. Ел ішіндегі тұрақтылық пен татулық ең алдымен өзара сыйластық пен түсіністіктен басталады», — деді ол.
Сондай-ақ, кездесуде құқықтық сауаттылықтың маңызы кеңінен түсіндірілді. Жастарға құқық бұзушылықтың салдары, заң алдындағы жауапкершілік, құқықтық мәдениеттің қоғамдағы рөлі туралы нақты мысалдар келтірілді. Заңгер Б.Шакиров кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігіне тоқталып, жасөспірімдердің күнделікті өмірде заң талаптарын сақтауы өз болашағын қорғаудың маңызды кепілі екенін атап өтті.
Кентау қалалық «Руханият» орталығының теолог маманы Ұ.Құлтай жастарға жат діни ағымдардың теріс ықпалы туралы ескертіп, ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтау үшін зайырлы мемлекет ұстанымдарын құрметтеудің маңызын түсіндірді. «Жастардың өмірлік бағыты айқын, санасы сергек болуы үшін отбасындағы тәрбие мен білім беру жүйесінің ықпалы зор. Дәстүрлі құндылықтарды сақтау — ұлттың тірегі», — деді ол.
Кездесу барысында оқушылар мен студенттер белсенділік танытып, мамандарға түрлі сұрақтар қойды. Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары, этносаралық татулықты сақтау жолдары, отбасындағы сыйластық пен өзара түсіністіктің қоғам тұрақтылығына әсері жайында пікір алмасты.
Іс-шара барысында ел бірлігінің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қатысушылардың айтуынша, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілік — әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Әсіресе көпұлтты Қазақстанда этносаралық татулық пен түсіністік мемлекеттіліктің берік іргетасы саналады.
Мұндай кездесулер тек құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыруға, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Шара соңында қатысушылар бірлік пен татулықтың қоғам дамуы үшін қаншалықты маңызды екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Жастарға арналған бұл түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да қала мектептері мен колледждерінде жалғасын табады деп жоспарлануда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — құқық бұзушылықтың алдын алу, жат әдеттерден бойды аулақ ұстау, елге қызмет етудің маңызын ұғындыру және бірлік құндылығын терең сезіндіру.



