Түркістан облысында этникалық топтар тығыз қоныстанған елді мекендерде қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік және келісім» жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Кентау қаласына қарасты Қарнақ және Құшата ауылдарында тұрғындармен тақырыптық кездесулер өтті.
Іс-шараға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Этносаралық қатынастар саласын мониторингтеу және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов, облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Қ.Мырзабай, сондай-ақ ҚХА жанындағы аудандық және қалалық құрылымдардың мүшелері, ауыл ақсақалдары, көше билері, орта буын өкілдері мен этнос жастары қатысты.
Кездесуде «Елде ішкі тұрақтылықты сақтауда құқықтық, саяси және діни сауаттылықтың, зайырлылық принциптердің маңызы», «Ел бірлігі – ең басты байлық», «Әскери міндет саласындағы заңнамаларды орындау қажеттілігі» тақырыптары қамтылып, тұрғындардың қатысуымен пікір алмасу өтті. Сонымен қатар, «Қоғамдағы этносаяси ахуал және этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» тақырыбында фокус-топтық зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды.
Басқосу барысында қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Тұрғындар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, ел бірлігі мен татулықты сақтау жолындағы әр азаматтың жауапкершілігі айқындалды.



