Бүгінде суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аударылады. Ауыл шаруашылығы саласы су ресурстарының ең ірі тұтынушысы болып табылады – жалпы су тұтынудың шамамен 65%-ын құрайды. Суарудағы су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін кешенді шешу мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне АШМ-нің шаруаларға суармалы су қызметтерінің құнын, сондай-ақ суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған шығыстардың бір бөлігін субсидиялау жөніндегі функциялары берілді. Бұл туралы Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы ОКҚ алаңында хабарлады.
2024 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді су үнемдейтін суару технологияларына көшуге ынталандыру үшін негіз қаланды. Осылайша, инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Тариф құнына байланысты субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді.
«Қабылданған шаралар су үнемдейтін суару технологияларын қолдана отырып, аумақты 2023 жылғы 312,2 мың гектардан ағымдағы жылы шамамен 500 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, бұл суармалы жерлердің жалпы көлемінің 30%-ын құрайды. Ал, 2030 жылға қарай суармалы жерлердің жалпы көлемінің 1,3 млн гектарын немесе 70%-ын су үнемдейтін суару технологияларымен қамту жоспарлануда», – деді спикер.
Суды үнемдеу жұмыстары өнеркәсіптік кәсіпорындарды да қамтиды. Мәселен, Су кодексінде 7 жыл ішінде (2 жыл өтпелі кезең, 5 жыл жоспарды іске асыру мерзімі) айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін міндетті талап көзделген. Бұл шара 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін ағымдағы 13,1%-дан 28%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.



