Кентау қаласындағы Әл-Фараби атындағы №14 мектеп-гимназиясында «Тәуелсіз Қазақстандағы сайлау және саяси бәсекелестік» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға қаламыздағы бірқатар саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Ауыл», «Respublika», «Amanat», «Байтақ» жасылдар партиясы, «Кентау жастары» жас сайлаушылар клубы және қоғамдық бірлестік мүшелері болды.
Іс-шараға сондай-ақ Кентау қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен учаскелік сайлау комиссияларының хатшылары да қатысып, еліміздегі сайлау жүйесінде енгізіліп жатқан жаңашылдықтар жөнінде сөз қозғады. Олар көппартиялылықтың демократиялық даму үшін маңызын атап өтіп, сайлау процестерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудегі өзекті міндеттерге тоқталды.
Дөңгелек үстелге «Ауыл» партиясы Кентау филиалы Жастар қанатының төрағасы Бурашов Шоқан Уәлиханұлы арнайы қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты. Ол қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, партияның ел алдындағы миссиясы, ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалары және жастарды қолдауға арналған нақты жобалары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан негізгі тезистерге тоқталды.
Шоқан Уәлиханұлы жастар саясатындағы «Ауыл» партиясының басым бағыттарын түсіндіре отырып, жас буынның бастамалары мен жаңа идеяларын қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді. Жиын барысында жас сайлаушылар сайлау жүйесінің ерекшеліктері, саяси бәсекелестіктің рөлі және жүргізіліп жатқан реформалардың жастарға ықпалы туралы сұрақтар қойып, мазмұнды пікірталас өрбіді. Партия өкілі барлық сауалдарға нақты әрі жан-жақты жауап беріп, жастарды қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға шақырды.
Басқосудың басты мақсаты – өңір жастарының пікірін тыңдау, олардың саяси сауаттылығын арттыру және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру болды.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар үшін пайдалы ақпаратқа толы маңызды диалог алаңына айналды. Іс-шараны өткізген ұйымдастырушылар мен белсенді жастарға алғыс білдірілді.



