Елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, мемлекет еңбек адамының мәртебесін көтеруге басымдық беріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Ел экономикасының негізін құрайтын – қолымен іс тындыратын, күнделікті өмірді қамтамасыз етіп жүрген қарапайым жұмысшылар. Еңбек адамы әрдайым құрметке лайық» деген еді. Бұл сөздер бүгінгі қоғамның шынайы тірегін айқындап тұр.
Осы еңбек майталмандарының қатарында Оңтүстік жарық транзит мекемесінің тәжірибелі электр маманы Дархан Сыздықовта бар. Ол 2007 жылдан бері жарық беру саласында үздіксіз еңбек етіп келеді. Алғашында контролер болып кіріп, уақыт өте біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында апаттық қызметтің маманына айналды. Тұрғындардың жарықсыз қалмауы, кез келген ақауды дер кезінде анықтап, қалпына келтіру – оның күнделікті жұмысының басты бөлігі.
Шын мәнінде, электр мамандарының жұмысы – тәуекелді әрі аса жауапты қызмет. Бір сәттік қателік немесе немқұрайлылық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау – бұл саладағы басты талап. Дархан Сыздықов та осы ережелерді мүлтіксіз орындап, жылдар бойы талай апатты жағдайды алдын алған, тұрғындардың жарықсыз қалмауы үшін күндіз-түні еңбек етіп келеді.
Электр жүйесінің қызметкерлері көбіне тасада жүретін, еңбегі көзге көп көрінбейтін мамандардың бірі.
Жұмысшы мамандықтар жылының басты мақсаты – ел экономикасына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу, олардың еңбегін бағалау. Дархан сынды мамандардың тынымсыз еңбегі – қаланың жарығы, қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі.
Еңбек адамы – елдің тірегі. Осындай азаматтардың қажырлы еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы қоғамның дамуына жол ашады.



