Бүгінде су ресурстары мәселесі Орталық Азия елдері үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті тақырыпқа айналды. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және су көздеріне түсетін антропогендік жүктеменің артуы тіршілік нәрінің тапшылығын үдете түсуде. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы дамыған өңірлер үшін ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесіне әрдайым назар аударып келеді. Президенттің айтуынша, Орталық Азия өңірінде су мәселесі бұрыннан өзекті болса, бүгінде бұл жағдай күрделене түсіп, жаһандық сипат алған. «Колумбия климаттық мектебіне қарасты Жер институтының зерттеуі бойынша Тянь-Шань тауларында жауын-шашынның азаю қаупі бар. Бұл суармалы егістіктер мен жайылымдарға қажетті тұщы судың тапшылығын тудырады», – деді Мемлекет басшысы.
Осы ахуал су нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды талапқа сай күтіп ұстау жұмыстарын күшейтуді қажет етеді. Себебі су қоймаларының тозуы немесе бақылаусыз қалуы тек экономикалық шығынға ғана емес, адам өмірі мен экологиялық тепе-теңдікке де қауіп төндіреді. «Апат айтып келмейді» деген халық даналығының мәні осында.
Осыған байланысты Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанынан құрылған Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға жауапты мекеме басшылары, сала мамандары мен комиссия мүшелері қатысты.
Отырыста аудан аумағындағы стратегиялық маңызы бар Құлан және Сарытөр су қоймаларының қазіргі жай-күйі егжей-тегжейлі қаралды. Сонымен қатар, аудан әкімі бастаған жұмысшы топтың нысандарды аралау барысында анықтаған бірқатар кемшіліктері талқыланып, оларды жою жолдары нақтыланды.
Атап айтқанда, су қоймаларының айналасын толықтай қоршау, қауіпсіздік мақсатында жарықшамдар мен дабылқаққыштар орнату, айналасында ретсіз өсіп кеткен ағаштар мен бұталарды тазалау, сондай-ақ қашыртқы каналдарды жөндеу мәселелері көтерілді. Бұл ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізіліп, жиын қорытындысы бойынша тиісті мекемелер мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Қабылданған шешімдер ресми хат арқылы жолданып, орындалуы қатаң бақылауға алынатын болады.
Айта кету керек, Құлан су қоймасы 1984 жылы салынған және бүгінгі таңда 200 гектар егістік алқапты суғаруға мүмкіндік береді. Ал, 1980 жылы қазылған Сарытөр су қоймасы Сарытөр елді мекені мен оның маңындағы 130 гектар ауыл шаруашылығы жерін сумен қамтамасыз етуге арналған. Бұл нысандар ауданның суармалы егіншілік жүйесінде маңызды рөл атқарады.
Су қоймаларының қауіпсіздігі – тек инженерлік немесе техникалық мәселе емес. Ол – әлеуметтік тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі. Осы бағытта атқарылатын әрбір іс-шара тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауға, ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға септігін тигізеді. Сондықтан, су қоймаларын уақтылы тексеріп, жүйелі түрде күтіп ұстау, гидротехникалық құрылғыларды жаңғырту және қауіпсіздік талаптарын сақтау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.



