Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде жалпыхалықтық сипат алып, барлық өңірді қамтыған ауқымды қозғалысқа айналды. Президент бұл бастаманың мәні тек көше тазалаумен шектелмейтінін, оның түпкі мақсаты қоғамда экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын қалыптастыру екенін үнемі атап өтіп келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» – табиғатқа жанашырлықпен қарау, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру, сондай-ақ жауапты әрі озық ойлы қоғам құруға бағытталған идеологиялық платформа.
Аталған игі бастама аясында Келес ауданында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан аумағындағы ауылдар мен ауылдық округтерде санитарлық тазалық пен абаттандыруға бағытталған жаппай тазалық шаралары ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасына сәйкес өткізіліп, оған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен түрлі сала өкілдері белсене атсалысты.
Тазалық жұмыстары барысында аудан аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, ішкі көшелер тазартылып, ретсіз өскен ағаш бұталары кесілді. Сонымен қатар, экологиялық талаптарға сай келмейтін, тұрғындар тарапынан заңсыз тасталған қоқыс орындары жойылып, қоршаған ортаға келтірілген зиянның алдын алу шаралары жүргізілді. Аталған тазалық акциясына 100-ден астам адам қатысып, 15 арнайы техника жұмылдырылды. Бұл өз кезегінде жұмыстардың сапалы әрі қысқа мерзімде орындалуына мүмкіндік берді.
Келес ауданында тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстар бір реттік шаралармен шектелмей, жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын өткен жылдың нәтижелері де айқын көрсетеді. Атап айтқанда, аудан аумағында республикалық және облыстық маңызы бар жолдармен қатар 512 ішкі көше толық тазаланды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру мақсатында 37 аялдама сырланып, заманауи талаптарға сай ретке келтірілді. Сонымен бірге 45 спорт алаңы мен шағын ойын алаңшалары жаңғыртылып, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды.
Инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. 58 шақырым арық-атыз қоқыстан тазартылып, су өткізу қабілеті қалпына келтірілсе, 133 шақырым ирригациялық жүйе арналары қайта жөнделіп, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету ісі жақсартылды. Бұл жұмыстардың барлығы ауданның экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Көгалдандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылғы көктемгі және күзгі маусымдарға жоспарланған жұмыстар аясында аудан бойынша 50 600 түп ағаш көшеті толық отырғызылды. Олардың өнімділігі 85 пайызды құрап, жасыл желектің жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын көрсетіп отыр. Бұл болашақта аудан экологиясының жақсаруына және қолайлы микроклимат қалыптастыруға оң әсерін тигізері сөзсіз.
Тазалық пен тәртіпті сақтау бағытында бақылау шаралары да күшейтілді. Абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтарға қатысты аудан әкімдіктері мен полиция бөлімі бірлесіп 702 әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 14 миллион 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл шаралар тұрғындар арасында жауапкершілікті арттырып, қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етуде.
Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен ауданға қар күрегіш және жол тазалау қондырғыларымен жабдықталған 9 дана трактор сатып алынды. Аталған арнайы техникалар алдағы уақытта елді мекендердің тазалығын тұрақты қамтамасыз етуге, қысқы және көктемгі маусымдарда жолдардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Келес ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар кешенді әрі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Табиғатты қорғау, елді мекендерді көркейту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне оң серпін бермек.



