Халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басты бағыттардың бірі. Президент өз сөзінде «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертудің маңызын атап өтіп, мемлекеттің негізгі міндеті – әр азаматқа тең мүмкіндік беру, қоғамда әділдік орнату және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға жан-жақты қолдау көрсету екенін баса айтты. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектің маңызы ерекше екені де атап өтілді. Мемлекет басшысы жүктеген осы міндеттер бүгінде өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асырылып келеді.
Президенттің әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шекті деңгейден асырмау, халықты қолжетімді әрі сапалы өнімдермен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар бүгінде Түркістан қаласында айқын көрініс табуда. Қалада әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және баға өсімінің алдын алу мақсатында бірқатар нақты тетіктер іске қосылған.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында халықты қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 30-ға жуық әлеуметтік дүкен тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Аталған дүкендерде тұрғындардың күнделікті тұтынуына қажетті ұн, қант, өсімдік майы, күріш, макарон өнімдері, жұмыртқа және басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарықтағы орташа бағадан төмен бағамен ұсынылады. Бұл сауда нүктелері, әсіресе, табысы төмен отбасылар үшін маңызды қолдау тетігіне айналып отыр.
Сонымен қатар, қала аумағындағы ірі супермаркеттер базасында 6 әлеуметтік бұрыш ашылып, жұмыс істеуде. Бұл әлеуметтік нүктелерде негізгі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан 15–20 пайызға дейін төмендетілген бағамен сатылуда. Мұндай тәжірибе тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ірі сауда орындарының әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға да ықпал етіп отыр.
Бағаны тұрақтандыруда көтерме сауда инфрақұрылымының да рөлі зор. Бүгінде Түркістан қаласында 4 ірі көтерме сауда базары тұрақты жұмыс істеп, қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді бағадағы өнімдермен қамтамасыз етуде. Аталған базарлар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, делдалдық тізбекті қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде нарықтағы алыпсатарлықтың алдын алып, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне тосқауыл қойылуда.
Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жергілікті өндірушілерді қолдауға және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылдың соңғы тоқсанында қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ұсынылған 21 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтағы бағадан 15 пайызға дейін төмендетілген бағамен сатылды. Жәрмеңкелер тұрғындар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып, халыққа нақты пайдасын тигізді.
Алдағы кезеңге де нақты жоспарлар бар. 2026 жылы Түркістан қаласында 100-ге жуық азық-түлік жәрмеңкесін өткізу көзделіп отыр. Бұл шаралар баға өсімінің алдын алуға, әлеуметтік маңызы бар тауарлар қолжетімділігін арттыруға және халықтың сатып алу қабілетін қолдауға бағытталған. Жәрмеңкелерде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері тікелей, делдалсыз ұсынылып, тұрғындарға сапалы әрі арзан азық-түлік жеткізу көзделуде.
Жалпы алғанда, Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағыттағы кешенді шаралар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік саясаттың нақты іске асуы халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімді нығайтуға негіз болуда.



