Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жөнінде сөйлеген сөзінде тазалықты бір реттік науқан емес, қоғамның өмір салтына айналуы тиіс құндылық ретінде атап өткен болатын. Президенттің «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз» деген сөзі осы бастаманың мән-маңызын айқын көрсетеді. Мемлекет басшысының айтуынша, табиғатты қорғау идеясы қоғамды біріктіріп, ортақ іске жұмылдырудың нақты үлгісіне айналуы тиіс.
Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясын жыл сайын жалғасатын игі дәстүрге айналдыру – уақыт талабы. Қазақ халқының «саф алтындай таза» деген ұғымы бар. Бүгінгі таңда осы сөздің мағынасын іс жүзінде қайта жаңғыртатын кезеңге қадам басып отырмыз. Айналамыздың таза болуы – тек көркемдік үшін емес, қоғамның мәдени деңгейін, азаматтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деп атап өтті. Бұл ой әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетуі тиіс. Өйткені, заң мен тәртіпке бағынатын, әділетті қоғам құру жолындағы реформалардың барлығы ең алдымен өскелең ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асырылып жатыр. Ал, таза орта – сол болашақтың берік негізі.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар Түркістан қаласында да тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қалада санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселесіне ерекше мән беріліп, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбіліктер апта сайын ұйымдастырылуда. 2025 жылы жоспарланған барлық сенбіліктер толық орындалып, жыл басынан бері қала аумағында 40 рет жалпықалалық тазалық шарасы өткізілді. Бұл жұмыстарға коммуналдық қызметкерлермен қатар, мекеме ұжымдары, жастар және қала тұрғындары белсенді түрде атсалысып келеді.
Түркістан қаласының тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан жарық-тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып отыр. Қазіргі таңда аталған мекемеде 505 қызметкер еңбек етеді. Әр жұмысшы өзіне бекітілген аумақта көшелер мен аулаларды тазалап, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаумен айналысады. Әрбір аумаққа жауапты бригадирлер бекітіліп, тазалық жұмыстарының уақтылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда.
Қала аумағында барлығы 875 көше бар. Оның ішінде 30 көше күнделікті тазаланса, 120 көше аптасына үш рет, ал қалған 725 көше аптасына бір рет санитарлық тазалау жұмыстарымен қамтылып отыр.
Қала көшелерінен ай сайын шамамен 1950–2200 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигонға шығарылып отырады. Қоқыс жинау жүйесін жетілдіру мақсатында қала аумағында 500-ден астам жаңа қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар, жарамсыз күйге түскен контейнерлер жөнделіп, бұрын қоқыс жәшігі орнатылмаған аумақтарға қайта орналастырылды. Бұл шаралар қоқыс жинау инфрақұрылымын кеңейтіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 1262 қоқыс алаңшасы мен 2719 қоқыс контейнері бар. Қалдықтарды уақытылы шығару үшін 34 арнайы техника тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Бұл бағыттағы қызметті үш мекеме жүзеге асырады. Сонымен қатар, қаланы көгалдандыру жұмыстарымен екі мекеме айналысса, тазалық пен абаттандыру бағытында жеті кәсіпкермен келісімшарт жасалған.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласында тазалық пен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Бұл – Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының өңірлік деңгейде нақты іске асып жатқанын көрсететін айқын мысал.



