Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясы аясында Сарыағаш ауданында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар мен мекеме қызметкерлері бірлесіп, аудан аумағын санитарлық тазалыққа келтіруге өз үлестерін қосты.
Сенбілік республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелерінде жүргізілді. Жұмыстар таңғы сағат 10:00-де басталып, аудан әкімі Арман Абдуллаев, 13 ауылдық округ пен қала әкімдіктерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар мен еріктілер белсенді түрде қатысты.
Іс-шара барысында бейберекет тасталған күл-қоқыстар жинақталып, арам шөптер шабылды, арық-атыздар тазартылды. Жұмысқа жұмылдырылған арнайы техника мен құралдар аудандағы санитарлық ахуалды жақсартып, жасыл аймақтарды ретке келтіруге мүмкіндік берді. Бұл сенбілік тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын көрсетуімен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен үлес қосты.
Аудан әкімі мен ұйымдастырушылар сенбіліктің негізгі мақсаты тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықты арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттау, экологиялық тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру екенін атап өтті.
Осы сенбілік аясында аудандағы жолдар, саябақтар, скверлер және қоғамдық орындар толық тазартылып, тұрғындар таза және жайлы ортада демалу мүмкіндігіне ие болды.



