Жаңа жылды Жетісайлықтар тек мерекелік көңіл-күймен емес, туған жерге деген жанашырлықпен, қоршаған ортаны қорғау және санитарлық тазалықты қамтамасыз етумен бастады. Аудан көлемінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тұрғындар мен мекеме қызметкерлері өз үлестерін қосып, өңірдің көрікті әрі таза болуына ат салысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы аясында өткен сенбілікке мыңға жуық адам қатысып, 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен қатар, аудан жастары да белсенділік танытып, 18 тонна тұрмыстық қатты қалдық арнайы полигондарға шығарылды.
Тазалық жұмыстары әсіресе аудан аумағындағы негізгі жолдар бойында, саябақтар мен скверлерде, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда, көппәтерлі тұрғын үйлердің маңында жүргізілді. Сенбілік барысында жасыл аймақтар ретке келтіріліп, қоршаған ортаның санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарды.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов сенбілік барысын қадағалай отырып, тазалық сақтау – ортақ жауапкершілік екенін айтты.
«Мұндай шаралар тек қаланы таза ұстауға ғана емес, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын көрсететін маңызды бастама. Бүгін аудан көлемінде мыңға жуық адам бір кісідей жұмылып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты. Осындай бірлескен жұмыстар арқылы біз таза, көрікті әрі жайлы аудан қалыптастыра аламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады», – деді Серік Үсенұлы.
Жетісайлықтар ұйымдастырған сенбілік тұрғындардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің айқын дәлелі болып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам екенін көрсетті. Осындай бірлескен іс-шаралар арқылы аудан тұрғындары таза және көрікті мекенде өмір сүріп, өз үлестерін қосуда.



