Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ауылдық елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін басты бағыт ретінде атап өтті. Осы тапсырмаға сәйкес, Түлкібас ауданында ауызсу жүйелерін жаңарту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Бүгін аудан әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге іссапармен Көктерек ауылына барып, жаңа салынған су мұнарасының жұмыс барысын тексерді. Ауылдағы нысан толық қоршалып, қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Аудан басшысы су мұнарасына бейнебақылау камераларын орнатуды, сондай-ақ суды іске қосып, пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар, Балықты ауылдық округінде салынып жатқан өндірістік парк құрылысының аяқталуға жақын қалғаны белгілі. Аудан әкімдігі су ұңғымасының (скважина) құрылыс барысын тексеріп, барлық жұмыстардың сапалы әрі қауіпсіздік талаптарына сай орындалуын қатаң ескертті.
Жиынбай ауылында да ауызсу жүйесін жақсарту жұмыстары қолға алынған. Ұзындығы 3,2 шақырым, диаметрі 200 мм болатын су құбыры тартылып, құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта жүйеге су жіберіліп, құбырдағы ауаны шығару және қысымды реттеу жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айына дейін ауыл тұрғындары сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етіледі.
Аталған жұмыстар аудан халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Аудан әкімдігі алдағы уақытта да барлық ауызсу жобаларының уақытылы жүзеге асырылуын қадағалап, жүйелі мониторинг жүргізетін болады.
Бұл шаралар – Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындаудың нақты көрінісі әрі өңірдің дамуы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін маңызды кезең болып отыр.



