Қазақ халқы қашанда тәрбиеге, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға айрықша мән берген. Осы ұстанымды өмірлік қағида етіп ұстанып келе жатқан ақсақалдарымыздың бірі – Қозыбаев Рахматулла Оспанұлы.
Рахматулла Оспанұлы – Кентау қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Ащысай түсті металлург комбинатының» ардагер кеншісі. Ол Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында туып-өскен. Ол өзі өскен ортаның тәрбиесін, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қадірін ерекше ілтипатпен былайша еске алады.
«Біздің ата-бабамыз ежелден жеті атаға дейін қыз алыспаған, тектілікті, тазалықты сақтаған. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы қалыптасқан осы ұстанымдары мен тыйым-тағылымдары өмірімізге темірқазық болды», — дейді ақсақал.
Қазақы тәрбие — тыйыммен түзелген тәрбие. «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Қайта кірер есігіңді қатты жаппа», «Нанды баспа», «Жасы үлкеннен жоғары отырма», «Үлкеннің ықыласынан бұрын қолыңды асқа салма», «Кемтар адамға күлме», «Құмырсқаның илеуін, құстың ұясын бұзба», «Шөпті жұлма, жалғызағашты кеспе, отпен ойнама» сынды тыйымдар баланың бойына имандылықты, жауапкершілікті, табиғатқа жанашырлықты сіңірді. Бұл біздің дәстүрімізде бар асыл құндылықтар. Ал, осы тыйымдар мен тәрбиелік ұстанымдардың барлығы асыл дініміз – исламның қағидаларымен толық үндеседі. Ислам дінінде де үлкенді құрметтеу, ата-анаға қызмет ету, әлсізге жәрдем беру, табиғатқа зиян келтірмеу – сауапты іс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үлкенге құрмет, кішіге мейірім көрсетпеген бізден емес» деп өсиет еткен.
Рахматулла Оспанұлының айтуынша, осы тәрбиенің арқасында олар жамандықтан бойын аулақ ұстап, адал еңбек етіп, елге сыйлы азамат болып өсті.
«Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс, жаман ырым – жамандық шақырады» деген нақыл бар. Сол үшін баланы жастайынан жақсы сөзге, жақсы іске баулу керек. Жаман пиғылдан, теріс қылықтан сақтандырып отыру – үлкендердің міндеті», — дейді қария.
Бүгінде қоғам өзгерді, заман ағымы басқа. Ақсақалдың алаңдататыны — қазіргі кейбір жастардың мінез-құлқындағы өзгерістер. Ақпарат көп, тәрбиеге бөлінетін уақыт азайып бара жатқандай.
«Балалар ақылды, білімге қабілетті. Мектептен бөлек қосымша оқиды, ізденеді. Бірақ тәрбие жағынан кейбір олқылықтар байқалады. Үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, жауапкершілік алу сияқты қасиеттер кемшін түсіп жатқаны жасырын емес», — дейді ардагер.
Бұрын баланы еңбекке ерте баулыған. Үйді таза ұстау, ата-анаға көмектесу, әкенің қолындағы күрегін алу — мұның бәрі тәрбиенің негізі еді. Бұл да дінімізде айтылатын ата-анаға қызмет етудің бір көрінісі. Құранда: «Ата-анаңа жақсылық жаса» деп нақты бұйырылған.
«Қазір уақыт өзгерді, бірақ тәрбие өзгермеуі керек. Бұрыннан келе жатқан ұлттық тәрбиемізді жоғалтпасақ дейміз. Ақсақалдар ретінде біз де келешек ұрпаққа ойымызды айтып, бағыт-бағдар беруге міндеттіміз. Ел болып, халық болып жастарды жамандықтан сақтап, жақсылыққа жетелеуіміз керек. Себебі, бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі», — дейді Рахматулла Оспанұлы.
Расымен де тәрбие – ұлт болашағының іргетасы. Дәстүріміз бен асыл дінімізді қатар ұстанған қоғамда ғана иманды, білімді, елін сүйетін ұрпақ өсетінін біле жүрейік!



