Кентау қалалық орталық кітапханасының қызметкері Ділбар Шәмшитқызының айтуынша, кітапхана – тек кітап сақтайтын орын ғана емес, ұлттың рухани қазынасын келер ұрпаққа аманаттайтын киелі шаңырақ. Әсіресе, салт-дәстүрлеріміз, ырым-тыйымдарымыз, ұлттық құндылықтарымыз жайлы кітаптар – ұлт болмысын айқындайтын асыл мұра. Кітапхана қабырғасында осындай бағытта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, оқырмандарға ата-бабамыздан жеткен өнегелі сөздер мен ғибратты әңгімелер кеңінен насихатталып келеді.
«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын қазына» дейді халық. Расында да, кітаптан алар тағылым мен тәрбие өлшеусіз. Әсіресе, мұсылман халқы үшін білім алу – парыз. Дінімізде ең алғашқы түскен аяттың өзі «Оқы!» деп басталуы бекер емес. Бұл – білім мен танымның, ізденістің маңызын айқын көрсететін ұлы үндеу. Сондықтан, дәстүрімізде де, дінімізде де кітап оқу, ілім үйрену әрдайым жоғары бағаланған.
«Қазіргі ақпараттық қоғамда жастардың қолында – шексіз мүмкіндік. Интернет арқылы кез келген мәліметті санаулы секундтар ішінде табуға болады. Дегенмен, сол ақпараттың сапасы мен қабылдануы – бөлек мәселе. Уақыт үнемдеймін деп кітапханаға келмей, телефон арқылы шолып оқуға дағдыланған жас буын кейде терең білімнен қағылып жатады. Себебі, кітап ашып, ойланып, зерделеп оқыған мәлімет пен телефон экранынан жылдам көз жүгіртіп өткен ақпараттың әсері екі түрлі.Кітаптан оқыған дүние адамның жадында ұзақ сақталады. Себебі ол – зейін қойып, ой елегінен өткізіп қабылданған білім. Ал, телефон арқылы алынған ақпарат көбіне үстірт қабылданып, тез ұмытылады. Оның үстіне, кітапта іздеген тақырып бойынша жан-жақты, толық әрі сенімді мағлұмат беріледі», — дейді Ділбар Шәмшитқызы.
Ділбар Шәмшитқызы әңгіме барысында айтып берген бір оқиға кітаптың бала өміріне қаншалықты әсер ететінін айқын дәлелдейді. Бір күні кітапханаға бір бала келіп, бес кітап жаздырып алып кетеді. Арада көп өтпей анасы келіп, әлгі кітаптарды өткізіп кетеді. Бірнеше күннен соң бала қайта келіп, кітаптарды қайтадан алады. Бірақ, анасынан жасыруды өтінеді. Уақыт өте келе сол бала кітапқа шынайы қызығушылық танытып, тұрақты оқырманға айналады. Бүгінде ол филология факультетінің студенті, жоғары білім алып жүрген жас маманға айналған. Ауылға келген сайын кітапханаға соғып, алғысын айтып кетеді екен.
Бұл кітаптың адам тағдырын өзгертетін құдіретін көрсететін шынайы мысал. Кітап тек білімнің көзі ғана емес, адамның рухани әлемін байытатын, мінезін қалыптастыратын, болашақ жолын айқындайтын құрал. Дәстүрімізде үлкендер «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп бекер айтпаған. Ал, дінімізде білім іздеу әрбір мұсылман ер мен әйелге міндеттелген.
«Бүгінгі таңда балалардың көп уақыты телефонға телміріп өтетіні жасырын емес. Әлеуметтік желі, ойын, қысқа бейнелер – бәрі де назарды тез аударып, уақытты білдіртпей өткізеді. Алайда, бұл уақыттың бәрі пайдалы білімге жұмсалып жатыр деу қиын. Сондықтан, ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Баланың болашағын ойлаған әрбір ата-ана оны кітап оқуға баулуы тиіс. Күн сайын белгілі бір уақытты кітап оқуға арнау – бала санасына салынған ең құнды инвестиция. Кітапхана – тәрбие мен тағылым ордасы. Мұнда өткен мен бүгін жалғасады, дәстүріміз бен дініміз үндеседі. Салт-дәстүрлерімізді танып, ырым-тыйымдарымыздың мәнін ұғыну арқылы жас ұрпақ ұлттық болмысын сақтайды. Ал, дініміздегі ізгілік, сабыр, білімге ұмтылу секілді қасиеттер кітап арқылы жүрекке сіңеді», — дейді Ділбар Шәмшитқызы.



