Қазақ қоғамында амандасу бұл жай ғана әдеп емес, бұл дініміз бен дәстүріміздің өзегіне айналған асыл құндылық. Амандық сұрасу арқылы адам өз ниетін, кісілігін, тәрбиесін көрсетеді. Алайда, бүгінгі қоғамда осы бір қарапайым, бірақ мағынасы терең салттың қадірі кейде көмескіленіп бара жатқандай көрінеді.
ҚР Мәдениет қайраткері, Мәдениет саласының үздігі, Кентау, Түркістан қалалары мен Сауран ауданының құрметті азаматы, сазгер, журналист, ғалым, ұстаз Бекжігіт Сердәлі «Дәстүр» студиясына берген сұхбатында бұл туралы ой қозғап, қоғамда белең алып бара жатқан бірқатар жағымсыз құбылыстарға назар аударды.
«Кейде тойға барғанда байқайсың. Қонақтардың бәрі бірдей уақытта тойханаға кірмейді. Біреулер маңғазданып, «мені жұрт көрді ме екен, маған төрден орын дайындады ма екен» дегендей, босағада отырған қарапайым адамдарға амандаспастан, тікелей төрге қарай талтаңдап өтіп кетеді», – дейді Бекжігіт Сердәлі.
Бұл бір қарағанда көңіл аударуды қажет етпейтін, болмашы көрініс сияқты. Бірақ, осындай әрекеттердің қоғамдық санаға, әсіресе жастардың тәрбиесіне тигізер әсері зор. Себебі, жас буын үлкенге қарап бой түзейді, жақсы мен жаманды соның қылығынан таниды.
«Алдынан шығып амандасайын десең, оның көзі төрде отырған лауазымды адамда болады. Қалғандары бұлдырап көрінбейді. Оның психологиясы солай. Бұл – жақсы әдет емес», – дейді ғалым.
Дінімізде амандық сұрау – сауапты іс. Исламда мұсылманның мұсылманға берген сәлемі – дұға. «Ассалаумағалейкум» деп айтылған әрбір сөз – амандық, бейбітшілік, жақсылық тілеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) амандасуды кеңінен таратуға шақырып, оны иманмен байланыстырып кеткен. Ал, дәстүрімізде амандасу – үлкенге құрмет, кішіге ізет. Қазақ «Сәлем – сөздің анасы» деп бекер айтпаған. Көшеде жолыққан танысқа сәлем бермеу, қолын созған адамды елемеу – тәрбиесіздікпен пара-пар.
Бекжігіт Сердәлі мынадай бір мысал келтіреді.
«Кейде қарсы алдыңнан келе жатқан танысыңды көріп, қолыңды созсаң, ол сені байқамай өтіп кетеді. Кейін білесің – артында бір лауазымды шенеунік келе жатыр екен. Алдымен соған амандасуы керек екен. Әйтпесе «тағынан түсіп қалады»», – деп қынжылады ол. Міне, осындай әрекеттер жастардың санасына теріс ой сіңіреді. Олар: «Қоғам маңғаз, тәкаппар адамдарды жақсы көреді екен. Қарапайым еңбекпен өсу мүмкін емес екен» деген жаңсақ түсінікке келеді. Бұл өте қауіпті үрдіс. Халқымызда «Ұлық болсаң – кішік бол» деген дана сөз бар. Бұл – атақ пен мансапқа жетудің емес, адам болып қалудың формуласы. Ұлық болғысы келген адам ең әуелі өзіне мына сұрақтарды қоюы керек: «Мен кіммін? Не бітірдім? Неге маңғазданам? Кімге көрсетіп жүрмін бұл мінезімді?». «Адам кейде бір сәт өзін сыртынан қарап көруі керек. Сонда ғана «менің мынауым ыңғайсыз екен ғой» деп тәубесіне келеді», – дейді Бекжігіт Сердәлі.
Дініміз де, дәстүріміз де адамды кішіпейілділікке, бірлікке, қарапайымдылыққа үндейді. Ел бірлігінің негізі – өзара сыйластықта. Ал, сыйластық амандасудан басталады. Бір-бірімізге сәлем беріп, хәл сұрасудан қашсақ, қоғамда жылулық жоғалады, адамдардың арасы суй бастайды. Сондықтан бүгінгі қоғамда әр адам, әсіресе аға буын, өз ісімен үлгі көрсетуі тиіс. Төрде отырса да, босағада отырса да бәріміз бір елдің перзентіміз. Бір-бірімізге берген сәлеміміз – елдігіміздің, иманымыздың, мәдениетіміздің белгісі.
Амандық – адамдықтың айнасы. Ал, адамдық бар жерде бірлік бар, береке бар, елдік бар екенін естен шығармайық!



