Кентау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті I тоқсандық отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Т.Садуов жүргізіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.
Күн тәртібінде елімізде жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаны қолдау, «Адал азамат» және «Бірлігіміз – әралуандықта» жобалары аясында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамдағы даулардың алдын алуда Ақсақалдар кеңесінің медиациялық рөлі қаралды. Кеңес мүшелері реформалардың қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Отырыста қоғамдағы келіспеушіліктер мен жанжалдарды бейбіт жолмен шешудегі Ақсақалдар кеңесінің рөлі жан-жақты талқыланды. Ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі, парасаты мен даналығы отбасылық, тұрмыстық және қоғамдық мәселелерді әділдік пен татулыққа сүйеніп шешуге үлгі болып отыр. Кеңес мүшелері өз сөзінде, бүгінгі жастарға дұрыс тәрбие беруде, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеуде дәстүрлі дін мен салт-дәстүрдің рөлі ерекше екенін атап өтті.
Дәстүрлі дін қоғамдағы моральдық-рухани негізді сақтауда, адами қатынастардағы сыйластық пен жауапкершілікті қалыптастыруда маңызды фактор болып табылады. Сол арқылы жастар кереғар немесе экстремистік діни ағымдардың ықпалынан алшақ жүріп, отбасылық және қоғамдық өмірде дұрыс таңдау жасай алады. Ақсақалдар кеңесі бұл бағытта ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіп, жастар мен тұрғындарды рухани тәрбиеге, өзара сыйластыққа шақырады.
Отырыстың қорытындысында кеңес мүшелері қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту жолында бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын атап, алға қойылған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Кеңес мүшелерінің өмірлік тәжірибесі мен даналығы – қоғамдағы татулық пен әділеттілікті сақтау жолындағы басты құрал болып отыр. Олар қоғамдағы әр саланы қамтитын медиациялық рөлді тиімді пайдаланып, ел бірлігін нығайтуға үлес қосуды өздерінің парызы деп санайды.



