Кентау қаласындағы Әл-Фараби даңғылының 94, 96, 98 үйлері ауласында тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – қаламыздағы жастар мен ересек тұрғындарды жат діни идеологиялардың қауіптілігі мен деструктивті ағымдардың әсерінен сақтау, сондай-ақ ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу болды.
Іс-шараға “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ мамандары қатысты. Теолог А. Ибраева мен ұлттық құндылықтар инспекторы Э. Дюсенбиева тұрғындарға жат діни ағымдардың мақсаттары, олардың жастарға ықпалы және деструктивті ағым мүшелерінің негізгі сипаттары жөнінде кең көлемде түсінік берді. Осы мақсатта арнайы дайындалған бүктемелер таратылып, халық арасында ақпараттық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, деструктивті діни ағымдар көбінесе жастарды өз ықпалына алуға бағытталған, олар қоғамдағы бейбіт өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай іс-шаралар – болашақ ұрпақты қорғаудың, азаматтардың ұлттық сана мен рухани құндылықтарын нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі.
Тұрғындар мен жастардың белсенді қатысуымен өткен бұл шара, өз кезегінде, қоғамда сенім мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге, сондай-ақ әрбір азаматтың рухани қауіпсіздігіне деген түсінікті арттыруға үлес қосты. Қаладағы осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатыны жоспарлануда.



