Кентау қаласындағы Гагарин көшесінің тұрғындары үшін қаладағы рухани қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар мен жастарды жат діни идеологиялардың қауіптілігі мен деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғау, сондай-ақ ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу болды.
Шара барысында “Кентау қалалық Руханият орталығы” КММ мамандары, теологтар А. Ибраева, Ш. Нұрулла және ұлттық құндылықтар инспекторы Э. Дюсенбиева тұрғындарға деструктивті діни ағымдардың мақсаттары, олардың жастарға әсері, сондай-ақ жат ағым мүшелерінің негізгі сипаттары жөнінде жан-жақты түсіндіру жүргізді. Осы мақсатта арнайы дайындалған бүктемелер таратылып, тұрғындар арасында ақпараттық сауаттылық деңгейін арттыруға ерекше мән берілді.
Мамандардың айтуынша, деструктивті діни ағымдар көбіне қоғамдағы бейбіт өмірге қауіп төндіріп, жастарды өз ықпалына алу арқылы рухани құндылықтарды бұрмалауға ұмтылады. Сондықтан мұндай іс-шаралар – болашақ ұрпақты қорғаудың, азаматтардың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады.
Тұрғындардың белсенді қатысуымен өткен ақпараттық-түсіндіру шарасы қоғамда ұлттық сана мен дәстүрлерді дәріптеуге, сондай-ақ әрбір азаматтың рухани қауіпсіздігіне деген түсінікті нығайтуға үлес қосты. Алдағы уақытта Кентау қаласында осындай түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетіні жоспарлануда.



