Байылдыр ауылында тұрғындармен маңызды ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарын құқықтық сауаттылыққа, ұлттық құндылықтарды сақтауға және діни қауіпсіздікке бағытталған мәселелер туралы хабардар ету болды.
Кездесуге Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Жайна Аринова, «Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Мұхамбетәлі Шермұхамбет, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің заңгері Бекнұр Шәкіров қатысты.
Кездесу барысында ұлттық дәстүр мен құндылықтарды дәріптеу тақырыбы да сөз болды. Тұрғындарға той-жиындарда ысырапшылдыққа жол бермеу, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау, сондай-ақ «Арақсыз ауыл» жобасын қолдау мәселелері түсіндірілді.
«Кентау қалалық Руханият орталығы» КММ-нің теолог маманы Мұхамбетәлі Шермұхамбет діни экстремизмнің қауіптілігі, деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары және жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің заңгері Бекнұр Шәкіров жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, құқық бұзушылық, есірткі және зиянды әдеттерден аулақ болу мәселелерін сөз етті. Оның айтуынша, жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы және құқықтық сауаттылығы олардың жеке қауіпсіздігімен қатар, қоғамның тыныштығы мен бірлігін қамтамасыз етуге маңызды үлес қосады.
Кездесу ашық форматта өтті: тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі жан-жақты жауап алды. Бұл кездесулер құқықтық мәдениетті қалыптастыру, діни қауіпсіздікті сақтау және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталған маңызды шара болып отыр.



