Түркістан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына «Е-Өтініш» платформасы арқылы жеке және заңды тұлғалардан өткен жылы 1 490 арыз-шағым мен өтініштер келіп түскен. Ал, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жөнінде былтыр 1 722 хабарлама келген. Сондай-ақ, 2025 жылы 1 116 нысанның құрылысы аяқталып, заң талаптарына сай пайдалануға берілген. Бұл туралы аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Тарту Байтұрсынов мәлімдеді.
«2025 жылы басқарманың бақылау және қадағалау жұмыстарының нәтижесінде 469 нысанда заң бұзушылықтар анықталған. Осы жұмыстардың нәтижесінде құрылыс нысандарына қатысты 1 202 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, нұсқама берілді. Бұдан бөлек, заңсыз және заң талаптарын бұза отырып, өз бетінше салынған 40 нысанды мәжбүрлеп бұздыру бойынша құжаттар сотқа жолданды. Сонымен бірге, басқарма қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, 16 нысан бұзылды. Былтыр заңсыз құрылыс салушыларға 324 577 604 теңге айыппұл салынып, есепті кезеңде 283 688 535 теңгесі өндірілді» — деді Тарту Орынтайұлы.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында 795 өтініш қабылданып, 416-сы қанағаттандырылды. Оның ішінде, лицензия алуға қатысты 169 өтініш тіркеліп, 124-і қанағаттандырылған. Жалпы 5 жобалаушы және 66 мердігер мекемеге лицензиялау нормаларын бұзғаны үшін біліктілігіне қатысты әкімшілік айыппұлдар салынып, лицензиялары 6 айға тоқтатылған.



