Қазақстанның барлық өңірлерін қамтыған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Кентау қаласында да жалғасын тапты. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, экологиялық іс-шараларға Жас Отан жастар қанатының белсенділері, жергілікті Жастар ресурстық орталығының мамандары, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері жұмылдырылды.
Акция барысында қаланың орталық саябақтары, скверлер мен қоғамдық орындар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар, қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында арнайы бөлінген аумақтарға жаңа ағаш көшеттері отырғызылды. Коммуналдық қызметтер мен еріктілердің бірлескен жұмысының арқасында қала көшелерінің санитарлық жағдайы жақсарып, абаттандыру жұмыстары жаңа қарқын алды.
Мамандардың пікірінше, мұндай экологиялық кампаниялар қаланың тазалығын сақтап қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойында табиғатқа деген жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Сабина КЕНЖЕБАЙ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті



