Бүгінде су ресурстары мәселесі бүкіл әлем үшін аса өзекті тақырыпқа айналып отыр. Климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және су көздеріне түсетін антропогендік жүктеменің артуы тіршілік нәріне деген тапшылықты үдете түсуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы дамыған өңірлер үшін бұл жағдай алаңдаушылық тудырып, су инфрақұрылымын жаңғырту мен тиімді пайдалануға деген талапты күшейтіп отыр.
Осы мақсатта Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жауапты сала мамандарымен бірге аудан аумағындағы суармалы каналдар жүйесінің қазіргі жай-күйімен танысты. Су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығының қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған зерделеу жұмыстары барысында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Аудан басшысы алдымен Балықты ауылдық округіндегі «Кең» каналының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскесіне барды. Каналдың техникалық жағдайын көзбен көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқаннан кейін жөндеу жұмыстарын қаңтар айынан бастап жандандыру туралы шешім қабылданды. Бұл канал жергілікті шаруалар үшін маңызды су көзі болып саналады, сондай-ақ оның тұрақты жұмысы егістік алқаптарын уақытылы суаруға тікелей әсер етеді.
Келесі кезекте Арыс ауылдық округіне қарасты Керейт ауылы маңындағы «Подсобный Керейт» каналы тексерілді. Зерделеу барысында канал арнасында ағын судың еркін өтуіне кедергі келтіріп отырған ірі тастардың көптеп жиналғаны анықталды. Мамандардың айтуынша, каналдың қалыпты жұмыс істеуі үшін шамамен 100 метр аралықтағы тастарды толықтай тазалау қажет.
Осыған байланысты аудан әкімі округ әкіміне және салаға жауапты бөлімдерге арнайы техника тарту, тастарды майдалау жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Аталған жұмыстар аудандық бюджет есебінен қаржыландырылатын болды. Бұл шешім каналдың өткізу қабілетін арттырып, суармалы алқаптарды үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Зерделеу жұмыстарының соңғы нысаны ретінде Керейт ауылына баратын «Жаңа» каналының механикалық тазалау жұмыстары қаралды. Жоспарға сәйкес, бұл каналға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу 2027 жылға жоспарланған болатын. Алайда аудан әкімі жағдайдың маңыздылығын ескере отырып, жұмыстарды 2026 жылға ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Жауапты мамандарға тазалау жұмыстарын жедел әрі сапалы орындау тапсырылып, суару маусымы басталатын мамыр айына дейін канал толықтай тазаланып, пайдалануға дайын болуы тиіс екені қатаң ескертілді. Бұл шешім жергілікті шаруалардың уақытылы су алуына және ауыл шаруашылығы жұмыстарының қалыпты жүруіне оң әсерін тигізбек.
Жалпы, Түлкібас ауданында су инфрақұрылымын жақсарту бағытында қолға алынған бұл шаралар өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Су – сарқылмайтын емес, сақтауды талап ететін қымбат ресурс. Сондықтан, су нысандарын жүйелі түрде жаңғырту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.



