Ата-бабамыз «Ауру — астан» деп, денсаулықтың іргетасын ас ішу мәдениетімен байланыстырған. Бұл — ғасырлар бойы сүзгіден өткен, ғылыми тұрғыдан дәлелденген ақиқат. Алайда, бүгінгі жаһандық нарық жағдайында бұл қағиданың мағынасы мүлде өзгеше сипат алады. Қазіргі таңдағы «Ауру — астан» сөзі – ағзаның табиғи талабы емес, жаппай өндіріс пен маркетингтің сөредегі улы ұсыныстың салдары.
Дүкен сөресіндегі, әдемі оралған тағамдар мен күнделікті тұтынатын өнімдердің сізді баяу болса да, өлтіріп жатқанын білдіңіз бе? «Тез дайындалады», «балаларға арналған» немесе «өте дәмді» деген жарқыраған жарнамаға сеніп, алған затымыздың шын мәнінде химиялық тұзақ екенін байқамаймыз. Тез дайындалатын кеспелер, чипсылар мен газдалған сусындар жай ғана азық емес, бұл ағзамызға жасалған қауіп.
Ғылым бұған не дейді? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері бірауыздан бір нәрсені айтады: өңделген, яғни зауытта түрлі қоспамен байытылған тағамдар ағзаның табиғи жұмысын бұзады. Мәселен, фаст-фуд пен чипсыға қосылатын трансмайлар қан тамырларды бітеп, жүрек аурулары мен инфаркт қаупін ондаған пайызға арттырады. Ал оларға қосылған глутамат натрийі (E621) сияқты заттар миымыздың дәм сезу рецепторларын алдап, бізді нағыз табиғи тағамнан жеріндіріп, осы жасанды химияға тәуелді етеді.
Шындығында, біз өзімізді улап жатқанымызды іштей сезсек те, қолайлылықты таңдаймыз. Өндірушілер адам психологиясын жақсы біледі, олар тамақтың пайдасына емес, оның жарқын түсіне, өткір дәміне және «тез дайындалатынына» басымдық береді. Біз уақытымызды үнемдеп жатырмыз деп ойлаймыз, бірақ сол үнемдеген уақытымызды кейін дәріхана мен аурухана табалдырығын тоздырумен жоғалтамыз.
Дүкенге барғанда, ескеретін жайт:
- Құрамына үңіліңіз: Егер ингредиенттер тізімінде оқуға қиын, химиялық қоспалар (E-қоспалары) көп болса — оны сөреде қалдырыңыз.
- «Минималды» таңдаңыз: Табиғи өнімнің (ет, көкөніс, жеміс, жарма) құрамында бір ғана ингредиент болады. Құрамындағы жазулар қаншалықты аз болса, ол соншалықты қауіпсіз.
- Табиғи дәмді таңдаңыз: Газдалған сусынды, табиғи жеміс шырынымен немесе сумен алмастырыңыз. Алғашқыда дәмсіз көрінгенімен, рецепторларыңыз 2 — 3 аптада табиғи дәмге қайта үйренеді.
Біз не жесек, содан құраламыз. Егер себеттегі тағам құрамындағы ингредиентті оқығанда, түсініксіз химиялық атаулар көп болса, ол — тағам емес, бұл баяу әрекет ететін у. Денсаулығыңызды сақтағыңыз келсе, ең бірінші қадам — дүкен сөресіндегі жарқыраған қаптамаға емес, құрамына үңілуден басталады.
Ас — сізді емдейтін, күш беретін дәрумен болуы керек, өлтіретін қару емес. Бүгін дүкеннен не алдыңыз? Ертеңгі күніңіз бен денсаулығыңыз дәл осы таңдауыңызға тікелей байланысты. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз.
Дариға ДОСМАХАНБЕТ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 4-курс студенті



