Қазақ халқының тәрбиелік жүйесі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүр мен діннің өзара сабақтастығына негізделген. Дәстүр — халықтың өмір салты, ал дін — сол салтқа рухани мазмұн беретін құндылықтар жиынтығы. Осы екеуінің үйлесімі ұлттың ішкі бірлігін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықтың берік негізіне айналып отыр. Ұрпақ тәрбиесінде бұл сабақтастықты үзбеу — ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Кентау көпсалалы колледжінің ұстазы, саясаттану ғылымының магистрі, көп жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен Бақберген Қанат Жарылқасынұлы — өмірлік тәжірибесі мол, саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған азамат. Ол «Дәстүр» студиясына берген сұхбатында дәстүрлі дінді ұстанудың маңызылығы мен дәстүрді сақтаудың негіздері жайында айтты.
Қанат Жарылқасынұлының айтуынша, дәстүр мен дін ешқашан бір-біріне қарсы тұрған емес. Керісінше, екеуі де адамды имандылыққа, тәртіпке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулиды. Осындай ортада тәрбиеленген бала елінің тарихын құрметтейді, жерінің қадірін біледі, қоғамдағы өз орнын сезінеді. Бұл — ел бірлігін нығайтатын ең басты тетік.
Ел бірлігі ең алдымен отбасыдан басталады. Отбасында ата-ана баласына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, діннің адамгершілік қағидаларын үйреткенде ғана қоғамда алауыздыққа жол берілмейді. Себебі дәстүр мен дінге сүйенген тәрбие адамның ішкі мәдениетін қалыптастырып, өзгені сыйлауға, сабыр мен төзімге үйретеді. Мұндай қасиеттер қоғамдағы татулық пен келісімнің өзегіне айналады.
Бүгінгі қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі — дәстүрлі емес діни ағымдардың жастар санасына әсері. Қанат Жарылқасынұлы бұл мәселеге ерекше алаңдаушылық білдіріп, рухани тәрбиеде сақтық пен сауаттылықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық дәстүр мен ата-бабадан келе жатқан дін түсінігінен алшақтай бастаған ортада жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсіп қалу қаупі жоғарылайды.
«Қазақ халқы ешқашан дінді дәстүрінен бөліп қарамаған. Біздің ата-бабамыз дінді өмір салтымен, салт-санамен ұштастыра отырып ұстанды. Ал бүгінгі таңда осы сабақтастықты жоққа шығаратын, ұлттық құндылықтарды мансұқтайтын түрлі жат идеялар пайда болып отыр. Мұндай ағымдар ең алдымен адамның санасын бөлшектеп, кейін қоғам бірлігіне сызат түсіреді», — дейді ол.
Шынында да, дәстүрлі емес діни бағыттардың басты қаупі — олардың ұлттық болмысты, мемлекетшілдік сананы әлсіретуінде. Мұндай ағымдар жастарды отбасынан, қоғамнан, тіпті елдік мүддеден алыстатып, өз ортасынан оқшаулауға ұмтылады. Ал бұл — ел бірлігіне тікелей қауіп төндіретін фактор. Сондықтан рухани иммунитетті күшейту — бүгінгі күннің басты талабы.
Қанат Жарылқасынұлының пікірінше, рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді жолы — жастарға дәстүрлі діннің адамгершілікке, сабыр мен келісімге негізделген қағидаларын дұрыс түсіндіру. Себебі дәстүрлі дін қоғамды бөлмейді, керісінше, біріктіреді. Ол адамды ата-анасын құрметтеуге, Отанын сүюге, заңға бағынуға, ел ішіндегі татулықты сақтауға үндейді.
Бұл ретте отбасы мен білім беру ұйымдарының жауапкершілігі айрықша.
Ұстаздың айтуынша, ел бірлігі тек экономикалық немесе саяси тұрақтылықпен өлшенбейді. Ел бірлігі — ортақ құндылықтар, ортақ түсінік, ортақ мақсат арқылы қалыптасады. Ал дәстүрлі емес діни ағымдар дәл осы ортақтықты жоққа шығаруға тырысады. Сондықтан мемлекетшіл, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу жолында дәстүр, дін және білім үшеуі бір бағытта жұмыс істеуі тиіс.



