gazetakentau
Кентау Gismeteo

ҚАЗ РУС

  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Заң
  • Билік
  • Білім
  • Мәдениет
  • Дерекқор
  • Спорт
  • Таным
  • Сұхбат
  • Анықтама
No Result
View All Result
gazetakentau
No Result
View All Result
Home Жаңалықтар

Кино — күн көріс емес

19 февраля, 2026
in Жаңалықтар, Қоғам
0
Кино — күн көріс емес
Share on FacebookShare on Twitter

Бүгінгі таңда отандық киноиндустрияның кассалық табысы миллиардтап саналғанымен, оның рухани салмағы мен тәрбиелік мәні үлкен сұрақ тудырып отыр. Отандық өнімнің сандық өсімі мен сапалық деңгейінің арасындағы алшақтық, қазіргі қоғамның талғамы мен болашақ ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін өзекті мәселеге айналды.

Жеке басым «қазақ киносына бір тиын болсын үлесім тисін» деген ниетпен кинотеатрға жиі барамын. Бірақ еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келетін залда, экраннан боқтық сөздер мен төмен деңгейлі жаргондардың естілуі көңілді түсіреді. Арзан күлкі арқылы кассаны толтыруды ғана көздеген режиссерлер үшін өнердің киесі емес, «хайп» бірінші орынға шыққан. Барлық киноға топырақ шашудан аулақпыз, алайда бүгінгі экрандағы киноның басым бөлігі, шамамен 70 пайызы, рухани деградацияға жол бастап тұрғандай әсер береді.

Бұрынғы «Махаббат бекеті» немесе классикалық туындылар тілдің құдіретін сезіндіретін. Ол кездегі диалогтар — әдебиеттің төресі еді. Бүгінгі кинодағы тіл жартылай орысша, жартылай қазақша, арзан күлкі мен боқтық сөздерге толы. Режиссерлер мұны шынайылық деп айтады. Бірақ өнердің міндеті өмірдегі лас нәрсені сол күйінде шашу емес, оны әдемілеп, рухани жағынан тазартып ұсыну емес пе?

Қазіргі киноның ең басты кемшілігінің бірі, ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті көрсетуі. Арзан күлкі мен касса жинау мақсатында ауыл адамдарын қараңғы, дамымаған, тіпті жабайы етіп көрсетуді үрдіске айналдырды. Ал, қаладағы кейіпкерді керісінше жетістікке жеткен, элита адамы етіп көрсетеді. Бұрынғы фильмде ауыл қазақтың қасиетті бесігі, ақыл парасаттың қайнар көзі ретінде бейнеленетін. Еліміздің әрбір жетістігі мен бүгінгі қалалық мәдениетінің іргетасы ауылдан қаланғанын ескерсек, өз ауылын келемеждеген қоғамның рухани кемелденуі екіталай. Мұндай теңсіздік — мәдениеттің емес, керісінше таяздықтың көрсеткіші.

Киноның көркемдік сапасына нұқсан келтіріп отырған тағы бір фактор, актер таңдаудағы қағида. Рөлге сахна өнерін меңгерген, арнайы оқыған, кейіпкердің ішкі драматизмін сезінетін кәсіби актерді емес, әлеуметтік желіде оқырманы көп блогерлерді шақыруды дәстүрге айналдырды. Олар үшін басты қағида актерлік шеберлік емес, блогердің Instagram-дағы лайкы мен танымалдылығы. Нәтижесінде, экраннан көретініміз – эмоциясы жоқ, сөйлеуі жасанды, тілі шұбарланған кейіпкер. «Махаббат станциясындағы» Гүлназ бен Оралдың сезімін жеткізу үшін қандай сыпайылық пен биязылық қолданылды? Ол кезде актерлер рөлді ойнамады, олар сол образбен өмір сүрді. Ал қазіргі блогер-актерлер рөлді ойнай алмай, тек камера алдында өздерін көрсетеді. Тіл тазалығы, сөздің құнары, интонация бұның бәрі хайп қуған шоудың тасасында қалып қойды.

Кино — тек бизнес емес, мәдениеттің айнасы. Егер айна сынған болса, ондағы бейне де бұрмаланып көрінеді. Бізге арзан күлкі мен «хайп» қуған блогерлер емес, өнердің қадірін білетін, ауыл мен қаланы бөліп жармайтын, ұлттық болмысты биіктететін туынды қажет. Режиссерлер экранға бірдеңе шығармас бұрын, «Бұл туынды ертеңгі ұрпақтың санасына не береді?» деген сұраққа жауап берсе екен. Себебі, бүгінгі экрандағы бейне ертеңгі ұрпақтың табиғи болмысына айналмауы тиіс.

Дариға ДОСМАХАНБЕТ,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің 4-курс студенті

Previous Post

Ассамблея жастары – бірлік пен татулық сабақтастығын нығайтуда

Next Post

Сауран ауданында өңірлік өнім көлемі 150 млрд теңгеге жуықтаған

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        E-mail:gazetakentau@mail.ru
Қабылдау бөлімі: тел:+7 776 666 5218

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kentauinfo.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді

Біз әлеуметтік желіде

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

Кентау газеті gazeta-kentau.kz