Қарнақ ауылында «Елдесу және татуласу» жобасы аясында тұрғындармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – елдегі конституциялық жаңғыртулардың мән-маңызын түсіндіру, медиация институтының қоғамдағы рөлін арттыру, тұрғындармен ашық әрі нәтижелі пікір алмасу арқылы қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту болды.
Кездесуді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Б. Әшірбаев жүргізді. Сонымен қатар, жиынға Түркістан облыстық Медиация кеңесінің төрағасы Б. Бейсенбаев, кеңес мүшесі әрі кәсіби медиатор Ж. Таукеева, Қарнақ ауылы «Ақын-тұма» №11 жалпы білім беретін мектебінің директоры Б. Мирзаев, Кентау қалалық «Ассамблея жастары» төрағасы Д. Абдалиев, мектеп ұстаздары мен ауыл тұрғындары белсене қатысты.
Кездесу барысында Ассамблея жастарының қоғамдық бірлік пен татулықты сақтаудағы рөлі, Конституциялық реформа мен республикалық референдумның елдің болашағы үшін маңызы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өз ой-пікірлерін ашық ортаға салып, өзекті ұсыныстарын жеткізді. Мамандардың айтуынша, жастардың белсенді қатысуы қоғамдағы ұлттық сананы қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және рухани құндылықтарды дәріптеу бағытында ерекше маңызды.
Іс-шара барысында «Елдесу және татуласу» жобасының мәні де кеңінен сөз болды. Жастар мен тұрғындар бұл жоба арқылы қоғамдағы әртүрлі пікірлер мен көзқарастарды түсіністікпен қабылдауды, бірлік пен татулықты сақтауды үйренеді. Сонымен қатар, тұрғындар Конституциялық реформаның әрбір азаматқа қандай құқықтық және әлеуметтік артықшылықтар әкелетінін толық түсінді.
Қарнақ ауылының тұрғындары ұйымдастырылған кездесуден ерекше әсер алды. Көпшілік мұндай пікір алмасулардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, жастар мен тұрғындардың қоғамдық өмірге белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті. Шара соңында қатысушылар бір-бірімен тәжірибе бөлісіп, жаңа идеялар мен ұсыныстарын ортаға салды, бұл – қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.



